Қазақстан мен Қытай қатынастарының дамуы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгінгі күні дүниенің әр түкпірінде әлем елдері шиеленіскен геосаяси дағдарысты бастан кешуде, әлбетте бұл ең бірінші кезекте Украинадағы жағдайдан бастап, палестинадағы проблемалардың ушығуына, Сирияға әскери соққылардың қайта жандануына қатысты. Мұның бәріне қосарлана әлемдік экономикалық жүйеге кесапатын тигізіп жатқан санкциялық соғыс та үдеп келеді.

Қазақстан мен Қытай қатынастарының дамуы

Дәл осындай алмағайып жағдайда Қазақстан мен Қытай тұрақты қарым-қатынас үлгісін көрсетіп, әсіресе экономикалық жобалары ерекше байқалатын өзаратиімді ынтымақтастықты жоспарлы түрде жүзеге асырып келеді. Биылғы қыркүйек айында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиньнің Қазақстанға сапары жоспарланған. Бұл қай қырынан алып қарағанда да айтарлықтай айтулы оқиға болғалы тұр, өйткені эпидемиологиялық күрес шараларына байланысты Қытай басшысы өткен үш жыл бойы елінен сыртқа шықпаған еді.

Егер қандай да бір тұтқиылдан туған төтенше жағдай орын алмай осы сапары сәтті болса, онда Төраға Си Цзиньпиньнің Қазақстаннан бастау алған халықаралық қызметі біздің елдеріміздің арасындағы өзара қарым-қатынастың маңыздылығын тағы бір мәрте жаһанға паш етпек. Ең бастысы осындай мемлекеттік сапарлар аясында дамуды алға бастайтын келелі келісімдер жасалмақ.

Саяси қарым-қатынас

Төраға Сидің мемлекеттік сапармен келіп, жаңа келісім жасауы өзара қарым-қат ынасты жаңа деңгейге көтеретіні сөзсіз. Ал оған дейінгі бүгінгі жағдайымыз қалай? Айта кетерлігі, 2019 жылғы Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапары Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының тың парағын ашқан болатын, онда көшбасшылар саяси диалогы жаңа деңгейге шығып, оған дейінгі қол жеткізген уағдаластықтардың сатылап жүзеге асуына септігін тигізді. Дәл осы сапар аясында Қытай Төрағасының да Қазақстанға жауап ретіндегі сапары туралы әңгіме қозғалып еді, алайда оның жүзеге асуына пандемия кедергі болғаны анық.

Екіжақты ынтымақтастықтан бөлек, Қазақстан мен Қытай БҰҰ, ШЫҰ, АӨІСШК секілді және тағы да басқа құрылымдарда ынтымақтастықтың көпжақты жобаларымен де араласады. Екі ел арасындағы саяси сенімнің жоғары жаңа деңгейінің көрсеткіші ретінде ресми Бейжіңнің Қазақстанды әлемдегі ең ірі саналатын БРИКС+ бірлестігінің жұмысына толыққанды мүше ретінде ұсынуы деп айтуға болады.

Бұл аса салмақты қадам, өйткені әлемдегі жаңа экономикалық өсім мен дүние аренасындағы күштердің жаңаша орын табуы жағдайын есепке алсақ, БРИКС+ бірлестігі G7 және G20 секілді жаһандық клубтардың лайықты бәсекелесі ретінде аталады. Ал Қазақстанның мүшелігін ілгерілетуге әлемнің екінші экономикасы саналатын Қытай елі тарапының қолдау жасауы, БРИКС+ бірлестігінің қазақстандық қатысуға белгілі бір деңгейдегі сенім кредитін қалыптастырады.

Бұдан бөлек, Қытай 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне Қазақстанның төрағалығын қолдады, қазақстандық биліктің 2022 жылы орын алған террористік қауіптерді еңсеру мен тәртіпсіздіктерге қарсы іс-шараларын да қолдады, Қазақстанның ДСҰ-ға мүшелігін жақтап, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес туралы қазақстандық бастамаға және басқа да көптеген халықаралық бастамаларға қолдау білдірді.

Қытай тарапының мұндай қолдауы Қазақстанның халықаралық аренадағы бірлескен келісімдеріне қатысты берік ұстанымына да байланысты. Мәселен, Қазақстан Тайвань аралындағы жағдайды мойындамай, «біртұтас Қытай» ұстанымынан айныған емес. Тіпті тамыз айында әлем елдерінің назарын өзіне аударған АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелосидің Тайваньға сапары дүрбелең тудырғанда да, Қазақстанның СІМ ресми түрде Тайваньды Қытайдың ажырамас бөлігі ретінде санайтынын жариялап, халықаралық заңнамаларға сәйкес, мұндай сапарлар ҚХР үкіметімен келісілуі тиістігін мәлімдеді.

Саяси қарым-қатынастың мұндай жоғары деңгейі Қытай елімен қауіпсіздік саласында да, экономикалық жобаларды жүзеге асыру бойынша да аса жағымды эффект береді.

Экономика байланыстары

Қазақстанның ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2022 жылдың 6 айында Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы 11,26 млрд долларды құраған. Бұл 2021 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 36,2% жоғары. Өңірде санкциялық соғыстар дүркіреп, геосаяси бәсекелестік өршіп тұрғанда, бұндай көрсеткішті өте жақсы деп бағалауға болады.

Бұдан бөлек, геосаяси дүмпулерге, Жібек жолы тағдырына қатысты көптеген алаңдаушылықтарға қарамастан, Қазақстан-Қытай саудасы керісінше жандана түсті. Қытай Ресейге қарсы санкцияларға қосылмады, соның арқасында сауданың әртүрлі бағыттарын белсене пайдаланып, әсіресе Ресей нарығындағы орны үңірейген орталарға жайғаса бастады. Мәселен, Қытайдан автокөлік, өндіріс қондырғылары, компьютерлер, басқа да жоғары технологиялық өнімдерді жеткізу күрт артты. Назар аударатын мәселе, бұл ретте екінші қайтара салынатын санкциядан қорқудың еш қажеті жоқ, өйткені Қытай Ресейге батыстың санкциялар тізіміне ілікпеген өзінің өндірісіндегі өнімдерді ұсынып отыр.

Қазақстан Қытайға негізінен минерал азық-түліктер, металл мен химия өнеркәсіп бұйымдарын экспорттайды. Өз кезегінде Қытай тоқыма бұйымдарды, машиналар, қондырғылар, металл, керамика және шыны бұйымдарын, сондай-ақ, халық тұтынатын тауарларды экспорттайды.

Шығыс инвестициясы

Ұлттық экономика өсімінде сырттан қарыз тарту, инвестиция мен прогрессив технологиялар маңызды рөл атқарады. Бейнелеп айтқанда, сапалы инвестиция елге жаңа технологиялар әкеліп, ұлттық экономиканың бойына қан жүгіртеді.

Осы бағытта Қазақстан Үкіметі шетелден инвестиция тарту бойынша тиянақты жұмыс атқарып келеді. Инвестиция мәселесінде де Қытайдың алатын орны да маңызы да ерекше. ҚР Ұлттық банкінің мәліметіне қарағанда, 2021 жылдың қорытындысына сәйкес, Қытай Қазақстанға тартылған инвестиция көлемі бойынша Нидерланды, АҚШ, Швейцария және Ресейден кейінгі 5-і орында (21,7 млрд. долл.) тұр.

Қазақстанның ауыл шаруашылық өнімдерін Қытайға экспорттауға да үлкен мән беріледі. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Сыртқы істер министрлігі осы бағытта қазақстандық кәсіпорындарға тиісті көмектерін беруде, мәселен екі министрлік Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасында 18 екіжақты хаттамаға қол қоюға бастама жасаған. Нәтижесінде бүгінгі күні 600-ге тарта бидай, ет, соя, бал, балық, рапс, люцерн, жүгері, ұн және ұн өнімдерін шығаратын қазақстандық кәсіпорын өз өнімдерін Қытай нарығына шығару туралы рұқсатқа ие болған.

Осы бағыттағы ынтымақтастық ерекшелігінің бірі – жоғары технологиялық өндірістер құру, Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін жүзеге асыру, инфрақұрылымды жаңғыртып, экономиканың шикізаттық емес секторын ынталандыру. Нәтижесінде Қазақстан азаматтары үшін 25 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылады.

Көлік хабы

Азия мен Еуропаны, Солтүстік пен Оңтүстікті байланыстыратын тоғыз жолдың торабында орналасқан Қазақстан Еуразия жүрегінің «алтын көпірі» бола отырып, «Белдеу мен жол» бастамасын алғашқылардың бірі болып қолдады. Бұл бастама да өз кезегінде оған қатысушылар үшін тиімді әрі пайдалы екенін толық дәлелдеп келеді.

Қазақстанның «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасымен түйістіру жұмыстары да жүзеге асуда. Әлемдегі жалпыэкономикалық белсенділіктің баяулауы жағдайында бұл жобалар жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жоғары қосылған құны бар өнімдер шығаратын кәсіпорындардың ашылуына өз септігін тигізуде.

Қытайдаң Ляньюньган портында орналасқан бірлескен терминалының арқасында Қытайдан Қазақстанға, одан әрі Ресейге, Еуропа мен Орталық Азия елдеріне, Каспий маңы елдеріне жөнелетін контейнерлер тасымалының саны артып келеді. Қытайдан біздің еліміз арқылы жүктер тасымалы ауқымының одан сайын арта түсуі өңірдегі халықаралық сауданың жандануын ынталандырып, Қазақстанның транзиттік, логистикалық мүмкіндіктерін жан-жақты аша түседі.

Осы фактордың өзі Қазақстанда «Қорғас – шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағын, «Қорғас» Халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығын, Каспий теңізіндегі Ақтау және Құрық теңіз порттарын құруға септігін тигізді. Жалпы ұзындығы 900 км болатын «Қазақстан - Түрікменстан - Иран» жаңа теміржол дәлізі іске қосылды, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халырақалық автокөлік магистарлі пайдалануға берілді.

Қазақстан мен Қытайдың Достық және Алтынкөл шекаралық өтпелері арқылы өтетін транзиттік тасымалдар жыл сайын өсу үстінде. 2020 жылы бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 43% өсіп, 781 мың ЖФЭ (жиырмафутты эквивалент - ағылшынша TEU) құрады, (2019 жылы 545 мың ЖФЭ), ал 2021 жылы оның алдындағы жылмен салыстырғанда 23,4% өсіп, 964 мың ЖФЭ (2020 жылы 781 мың ЖФЭ) болды. 2022 жылдың қаңтар-наурыз аралығында өсім жалғасып, 154 мың ЖФЭ болды, бұл да алдыңғы жылға қарағанда 10% артық ( былтыр 140 мың ЖФЭ болған).

*****

Түйіндей айтқанда, Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы жоспарлы өсім сатысын орындап келеді, осының бәрі негізінен прагматикалық және татукөршілік өзара ұстаным мен саясаттың жемісі. COVID-19 пандемиясы халықаралық байланыстарға әжептәуір хаос жасағанымен, Қазақстан мен Қытай өзіндік ерекше жүйелерін қалыптастырды. Соның арқасында екіжақты ынтымақтастыққа пандемияның жағымсыз әсері төмендеп, тауар айналымы артты, болашақ бірлескен жобаларға берік іргетас та қалана түсті.

Ресей мен Батыстың арасындағы текетірес салдарынан болып жатқан Еуразия кеңістігіндегі геосаяси турбуленттілік те Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық һәм саяси байланыстарды нашарлата алмады. Осылайша екі ел арасында әу бастан өзара тиімді байланыстың мығым іргетасы қаланғаны тағы да дәлелденіп отыр.

Авторы: Әділ Кәукенов