Қазақстан мен Қытай құны $565 млн коммерциялық келісімшарттарға қол қойды
Қазақстан мен Қытай арасында барлық бағыттар бойынша өзара қарым-қатынастард ерекше сипатқа ие.
Мұны екі елдің сауда, инвестициялар, логистика мәселелеріндегі үздіксіз өзара іс-қимылы дәлелдеп отыр.
«Мемлекет басшылары жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға көп көңіл бөледі. Биыл «Бір белдеу – бір жол» бастамасына 10 жыл толады. Осы кезеңде арадағы серіктестік жаңа деңгейге көтерілді. Ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша оң серпін байқалады. Бүгінде Қазақстанда тау-кен металлургия кешені, өңдеу өнеркәсібі және басқа да стратегиялық салаларда 3 300 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді», — деді Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин форумды аша отырып.
Екі елді дәстүрлі түрде байланыстыратын негізгі аймақ – қытайлық Шыңжаң, оның үлесіне Қазақстан мен Қытайдың барлық тауар айналымының 40%-дан астамы тиесілі.
Сонымен қатар екі мемлекеттің сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту әлеуеті зор.
Вице-премьерінің хабарлауынша, Қазақстан қытайлық сатып алушыға $1 млрд-тан астам сомаға 135 тауар позициясы бойынша өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы тауарларының кең ассортиментін ұсынуға дайын.
Атап айтқанда, қазақстандық кәсіпорындар Қытайға салқындатылған ет өнімдерін, балық өнімдерін, құс еті мен қосалқы өнімдерді, шошқа етін, жұмыртқаны, жылқы етін және жоғары маржиналды тауарлардың басқа да түрлерін жеткізе алады.
«Бұл үшін қазақстандық ет өнімдерін Қытайға экспорттауға жануарлардың ауруларымен байланысты шектеулерді жою өте маңызды. Жақында Жануарлардың денсаулығын сақтау дүниежүзілік ұйымы аусыл тіркелмеген және оған қарсы екпе салынған Қазақстанның бес оңтүстік-шығыс аймағының мәртебесін растауды ұсынды», — деді Серік Жұманғарин Қытай делегациясының өкілдеріне.
Сонымен қатар форумда вице-премьер ҚХР Бас кеден басқармасы мамандарының қазақстандық өсімдік және мал шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге инспекция жүргізу үшін Қазақстанға келу қажеттігін атап өтті.
Бұл отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің кейбір түрлеріне қойылатын талаптар туралы хаттамаларға қол қою және келісу рәсімін жеделдетуге мүмкіндік береді.
«Қазақстан ҚХР-ға жыл сайынғы бидай жеткізу көлемін 1 млн тоннаға дейін және одан да жоғары деңгейге жеткізуге дайын. Бұл үшін инфрақұрылымдық мүмкіндіктер де бар. Мен бір теміржол астық құрамын ҚХР-дың бонд аймағына пилоттық негізде бағыттау туралы тапсырма бердім», – деп Серік Жұманғарин диалогқа қатысушыларды хабардар етті.
Сондай-ақ вице-премьер өзара сауда мәселелерін жедел шешу үшін ҚР мен ҚХР арасында Ауыл шаруашылығы жөніндегі шағын комитет құруды ұсынды.
Форумда тараптар жол бойындағы өткізу бекеттері, логистикалық орталықтар мен көлік инфрақұрылымы жұмысының тиімділігін арттыру жолдарын талқылады.
Қазіргі уақытта «Қорғас» ХШЫО және «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-да сауда инфрақұрылымы мен шекаралық бақылау жүйесін жаңғырту шаралары қабылданып жатыр.
Транзиттік бағыттар, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясында дамуда. 2022 жылы Қазақстанның теміржол арқылы транзитпен жүк тасымалдау көлемі 1,1 млн тоннаға ұлғайып, 9,4 млн тоннаға жетті.
ҚХР-дан автокөлікпен транзиттік тасымалдау екі есе өсіп, 980,6 мың тоннаны құрады.
Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрінің ақпараты бойынша, Ляньюньган портында Қазақстан-Қытай логистикалық терминалымен бірге жүктердің кедергісіз транзиті үшін қажетті база қалыптастырылған.
Қолайлы инфрақұрылымдық жағдай жасау үшін Үрімші мен Алматыда сауда хабын салу жоспарланып отыр.
Бұдан басқа Бақты (ҚР) – Шәуешек (ҚХР) автомобиль өткізу бекеті ауданында Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші теміржол өткелі ашылмақ.
Шараға Алматы қаласының, Қазақстанның төрт шекара маңы облысының (Абай, Жетісу, Алматы, Шығыс Қазақстан) әкімдері және ШҰАА өкілдері, сондай-ақ екі елдің бизнес-делегациялары қатысты.
Атап айтқанда, форумға 150-ден астам қазақстандық кәсіпкер, 20 жетекші Шыңжаң кәсіпкері, Қазақстандағы ірі инвестициялық Қытай кәсіпорындарының 10 өкілі келді.
Форум аясында экономиканың түрлі салаларында, атап айтқанда, құрылыс, энергетика, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, машина жасау, туризм, инвестициялар және т.б. салаларда қазақстандық және қытайлық кәсіпкерлер арасында B2B форматында екіжақты келіссөздер өтті.
16 екіжақты құжатқа қол қойылды, оның бесеуі – $565,4 млн-ның коммерциялық құжаты.
Шараны Алматы қаласы әкімдігі және «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ қолдауымен ҚР Сауда және интеграция министрлігі ұйымдастырды.
2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен ҚХР арасындағы өзара сауда $24 млрд-қа жетті. Қазақстандық өнімнің Қытайға экспорты үштің бірінен астамға өсіп, $13 млрд-тан асты. Импорт 33,5%-ға өсіп, $11 млрд-ты құрады.
Қазақстан Қытайға мұнай, мыс және мыс катодтар, кен және мыс концентраттары, табиғи газ, ферроқорытпалар, уран, күнбағыс майын экспорттайды. ҚХР-дан негізінен телефон аппараттары, есептеу машиналары, электр өндіретін қондырғылар, қара металдардан жасалған бұйымдар, шиналар, автомобильдер мен тракторларға арналған бөлшектер мен керек-жарақтар, жол және құрылыс техникасы, автомобильдер әкелінеді.