Қазақстан мен Люксембург экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуде
Шараға ЕО-дағы «Kazakh invest» өкілі, Люксембургтің сауда палатасы мен экономика министрлігінің, ҚР-ның Люксембургтегі Құрметті Консульдығының қызметкерлері, сонымен қатар герцогтық іскерлік орта қатысты.
Өзінің баяндамасында ҚР Елшілігінің кеңесші-уәкілі Мирас Андабаев Қазақстан-Люксембург қатынастарының жоғары деңгейде екеніне тоқталып, Люксембург компанияларын өздері мықты деп танылған цифрландыру, IT, авиация, ғарыш өнеркәсібі және қаржы-банк қызметі салаларында жоғары технологиялық шешімдерді пайдалану арқылы жүзеге асатын ортақ инвестициялық жобаларға қатысуға шақырды.
Сонымен қатар қазақстандық дипломат шара қатысушыларын ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының («Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі») басты бағыттарымен таныстырды.
Өз кезегінде «Kazakh invest» компаниясының Еуропадағы өкілі Айнұр Тұмышева шетелдік кәсіпкерлерге Қазақстанның сауда-инвестициялық мүмкіндіктері туралы ақпарат берді. Ол отандық өңдеу өнеркәсібінің мүмкіндіктеріне толығырақ тоқталды.
«2020 жылы Қазақстан 4 млрд доллар тікелей шетелдік инвестицияларды тартты. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда шамамен 35%-ға артқан. Бұл туралы мәлімет БҰҰ-ның сауда және даму жөніндегі конференциясының «Инвестициялар бойынша дүниежүзілік баяндамасында» берілді. ЮНКТАД рейтингі бойынша, теңізге жақын орналаспаған елдер арасында Қазақстан тікелей инвестицияларды тарту жиілігі бойынша 1-орын алды. Өсуді қамтамасыз етіп отырған салалар арасында өңдеу өнеркәсібі, транспорт, телекоммуникациялар, қаржы қызметі, энергетика, тау-кен өндіру кешені бар», - деді А. Тұмышева
Люксембургтің сауда палатасының халықаралық қатынастар жөніндегі аға кеңесшісі Стивен Коэнер сауда-өңдеу палатасының Қазақстанмен екіжақты ынтымақтастық үшін мүмкіндіктер мен құралдар жасауға белсенді үлес қосып жатқанын атап өтті.
Ол Люксембург компанияларының Қазақстанда қазірдің өзінде жұмыс істеп жатқанын және алдағы уақытта Люксембургтің сауда палатасының сол компаниялардың жұмысына ықпалдасуды жалғастыратын мәлімдеді.