Қазақстан мен Моңғолия байланысы: қандай жоспарлар бар
АСТАНА. KAZINFORM — Былтыр бұл көрсеткіш 133 млн доллар болған. Бұл жөнінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстан-Моңғолия бизнес форумында мәлімдеді.
— Біз сауда-экономикалық байланыстарды белсенді түрде кеңейтуіміз керек. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстан мен Моңғолия арасында тауар айналымы 7%-ға өсіп, 133 млн долларға жетті. Дегенмен, елдеріміздің экономикалық әлеуеті қазіргі көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары. Біз жақын болашақта өзара сауда көлемін 500 млн долларға жеткізуге ниеттіміз. Осыған байланысты біз тауар айналымын одан әрі әртараптандыруды және жеткізілетін өнім номенклатурасын кеңейтуді көздейміз, — деді ол.
Сонымен қатар, өзара іс-қимылды тежейтін кедергілер қысқартылмақ.
Бұдан бөлек, Серік Жұманғарин ЕАЭО мен Моңғолия арасында уақытша сауда келісімі жасалғанын атап өтті.
— Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі — ЕАЭО мен Моңғолия арасындағы уақытша сауда келісіміне қол қойылды. Аталған құжатты сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге, өндірістік кооперацияны дамытуға және бірлескен бастамаларды іске асыруға жол ашатын тиімді құрал ретінде қарастырамыз, — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Астана — Ұлан-Батыр бағытында әуе рейсі ашылатынын жазғанбыз.