Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстан мен Оңтүстік Корея креативті индустрияны бірге дамытады

АСТАНА.KAZINFORM - Еліміз Оңтүстік Кореямен креативті индустрия саласындағы бірлескен жұмысты жандандыруға ден қойды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.

а
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Сеул қаласында қазақстандық делегация Кореяның мемлекеттік органдары мен жетекші компанияларының өкілдерімен бірқатар кездесу өткізіп, екіжақты әріптестікті дамыту, тәжірибе алмасу және ортақ жобаларды жүзеге асыру мәселелерін пысықтады.

Кездесулердің бірі «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры Басқарушы кеңесінің төрағасы Ерлан Каналимов пен Оңтүстік Кореяның Мәдениет, спорт және туризм вице-министрі Ким Дэ Хённің қатысуымен өтті. Тараптар креативті экономиканы дамытудағы мемлекеттік саясат, шығармашылық кәсіпкерлікті қолдау тетіктері және ұлттық контентті халықаралық нарыққа ілгерілету бағытындағы тәжірибелерін ортаға салды.

а
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Жиын қорытындысында Қор мен Корея Республикасының креативті контентті дамыту агенттігі (KOCCA) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат кино, музыка және креативті экономиканың өзге де бағыттарында бірлескен жобаларды жүзеге асыруды, білім беру бағдарламаларын ұйымдастыруды, тәжірибе алмасуды және ортақ сараптамалық зерттеулер жүргізуді көздейді. Сапар барысында қазақстандық делегация Азиядағы ірі медиакомпаниялардың бірі – MBC корпорациясы мен әлемдік музыка индустриясындағы жетекші компаниялардың бірі – HYBE басшылығымен де кездесті.

Кездесу барысында контент дайындау, зияткерлік меншік нысандарын коммерцияландыру, жасанды интеллект технологияларын пайдалану, цифрлық платформаларды дамыту және креативті өнімді халықаралық нарыққа ілгерілету мәселелері сөз болды.

Келісімдер Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы креативті индустрия саласындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға жол ашып, еліміздің авторлары мен шығармашылық кәсіп иелері үшін халықаралық мүмкіндіктерді кеңейтуге ықпал етпек. Сонымен қатар қазақстандық креативті өнімнің әлемдік нарықтағы әлеуетін арттыруға да серпін береді.

Айта кетейік, Қазақстанда креативті индустрияда 156,7 мың адам жұмыс істейді.

Креативті индустрияларды дамыту қоры таланттарды қолдап, жаңа жобаларды іске асыруға және отандық өнімді халықаралық нарыққа шығаруға басымдық беріп келеді.