Қазақстан мен Өзбекстан ауа сапасын жақсарту бағытында бірлескен жұмыс тобын құрады
АСТАНА. KAZINFORM — Сапар барысында қазақстандық делегация Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан экологиялық жобалармен, соның ішінде Ташкент жылу электр станциясындағы заманауи газ тазарту технологияларымен, шығарындыларды азайту шараларымен және көліктерге экологиялық стикерлерді енгізумен танысты.
Ташкентте Орталық Азия қоршаған орта және климаттың өзгеруі университетінде (Green University) Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы делегацияларының кездесуі өтті, онда қоршаған ортаны қорғау және ауа сапасын жақсарту саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.
Қазақ делегациясын Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Ерболат Қожықов басқарды. Делегация құрамында Қазгидрометтің бас директоры Данара Әлімбаева, Түркістан облысының экология департаментінің, Сарыағаш ауданы әкімдігінің өкілдері және тиісті мамандар болды.
Кездесу барысында тараптар ауа сапасын бақылау саласындағы ынтымақтастықты дамыту, ғылыми деректермен алмасу және трансшекаралық ластануды азайту бойынша бірлескен шараларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Ұсақ бөлшектерді (PM2.5 және PM10) зерттеу нәтижелеріне және атмосфералық процестердің екі елдің шекаралас аймақтары арасындағы ластаушы заттардың тасымалдануына әсеріне ерекше назар аударылды.
Келіссөздерден кейін Қазақстан мен Өзбекстанның ғылыми қауымдастықтарының қатысуымен бірлескен жұмыс тобын құру туралы келісімге қол жеткізілді. Оның қызметі ауа сапасын жақсарту үшін кешенді зерттеулер жүргізуге және практикалық шешімдер әзірлеуге бағытталады.
Сапар барысында қазақстандық делегация Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан экологиялық жобалармен, соның ішінде Ташкент жылу электр станциясындағы заманауи газ тазарту технологияларымен, шығарындыларды азайту шараларымен және көліктерге экологиялық стикерлерді енгізумен танысты.
Кездесуден кейін тараптар серіктестікті одан әрі дамытуға деген міндеттемелерін растады және шекарааралық ауаның ластануын азайтуға және шекаралас аймақтардағы экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған бірлескен практикалық іс-шараларды үнемі өткізуге келісті.
Айта кетелік Қазақстан мен Өзбекстан минералдық шикізатты зерттеу тәжірибесімен бөлісті.