Қазақстан мен Пәкістан мұсылман елдері үшін орнықты азық-түлік жүйесін құруға күш біріктіреді
ИСЛАМАБАД. KAZINFORM — Президент Қазақстан мен Пәкістан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына мүше елдер ретінде мұсылман мемлекеттеріне арналған орнықты әрі әділ азық-түлік жүйесін құру жолында ортақ мақсатқа жұмылатынын атап өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Оның сөзінше, Жетісу облысында қант қызылшасын өңдеу зауытын іске қосу туралы Almoiz Group компаниясымен жасалған келісім — осы ынтымақтастықтың маңызды бастамасы.
— Әлемнің 70-тен аса еліне ауыл шаруашылығы өнімдерінің 200-ден астам түрін экспорттаймыз. Соңғы он жылда ауыл шаруашылығы өндірісінің жалпы ішкі көлемі 2,5 еседен аса көбейді. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті екі есе арттыруға ниеттіміз. Жоғары сапалы және экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімін шығаратын сенімді жеткізуші ретіндегі позициямызды нығайтып келеміз. Сол себепті серіктестік байланыстарды кеңейтіп, өңірлік әрі жаһандық деңгейде жаңа жеткізу тізбегін құру үшін жүйелі қадамдар жасаймыз. Осы орайда пәкістандық әріптестеріміздің аталған сектордағы тәжірибесін бөлісіп, капитал құймақ ниетін құптаймыз. Жетісу облысында қант қызылшасын өңдеу зауытын іске қосу туралы Almoiz Group компаниясымен жасалған келісім — осы ынтымақтастықтың маңызды бастамасы, — деді Мемлекет басшысы.
Осыған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шахбаз Шариф Қазақстан-Пәкістан бизнес форумына қатысқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, Тоқаев пен Шариф стратегиялық серіктестік туралы бірлескен декларацияға қол қойды.