Қазақстан мен Ресей мамандары жолдағы тәртіпті нығайту үшін бірлескен жаттығу өткізді

Шараның мақсаты автомобиль жолдарында төтенше жағдайлар кезінде көліктің қауіпсіз және кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету.
Аталған шараға Қазақстан тарапынан Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Мереке Пішембаев, Атырау облысы әкімінің орынбасары Сүйіншәлиев Жасұлан Асқарұлы, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Федяев Антон Владимирович, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалдарының, «Қазақавтожол» ЖШС, «Облжолзертханасы» РММ, «ҚазЖолҒЗИ» АҚ, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ІІМ аймақтық бөлімшелерінің өкілдері және тағы басқалар қатысты.
Ресей тарапынан Ресей Федерациясы Көлік министрлігі «Росавтодор» Федералды жол агенттігінің басшысы Старовойт Роман Владимирович, сонымен қатар, Астрахань облысының губернаторы Жилкин Александр Александрович, ФММ жол басқармасы Ресей Федерациясының 34 аймақ өкілдері, сонымен бірге Ресей ТЖМ және ІІМ аймақтық бөлімшелерінің өкілдері қатысты.
Жаттығуда Астрахань облысы Красноярск ауданы Кондаковск өзені көпірінің опырылып құлап, төтенше жағдай әсерінен ауыр жүк және жолаушылар тасымалдайтын автокөлік құралдарының, жеңіл автокөліктердің тұрып қалу жағдайларын жою мен ескерту жөнінде кешенді іс-шаралар өткізілді.
Іс-шара теориялық және тәжірибелік болып екі бөлімнен тұрады. Бірінші күні, 6 қыркүйекте Астрахань облыстық әкімшілік ғимаратында екі ел жол қызметінің шекаралас автомобиль жолдарында төтенше жағдайлар туындаған кезде өзара іс-қимылы мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, автожолдарды салу, реконструкциялау және жөндеуден өткізгенде қолданылатын жаңа технологиялар мен күтіп ұстау ерекшеліктері де талқыға түсті.
Оқу-жаттығудың тәжірибелік бөлімі 7 қыркүйек күні жоғарыда аталған автомобиль жолы учаскесінде өтеді. Оқу-жаттығу барысында автожол қызметінің, ТЖМ қызметінің, ІІМ, алғашқы медициналық көмек көрсететін қызмет пен басқа да қажетті қызметтердің қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары көрсетілетін болады.