Қазақстан мен Ресей шығыс пен батысты байланыстырады - сарапшы

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге мемлекеттік сапары жай ғана дипломатиялық оқиға емес. Бұл тұрғыда экономика мен транзиттен бастап, гуманитарлық серіктестік пен өңірлік тұрақтылыққа дейінгі Қазақстан мен Ресейдің өзара іс-қимылының жаңа моделін құруға жасалған қадам болмақ.

Дмитрий Журавлев
Фото: Kazinform

Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісіне берген сұхбатында Өңірлік мәселелер институтының жетекшісі Дмитрий Журавлев мәлім етті.

Д. Журавлев Қазақстан Президентінің Мәскеуге мемлекеттік сапары барысында қол қойылуы мүмкін келісімдерге тоқтала келе, негізгі құжаттар экономикалық салаға – сауда мен транзитке қатысты болатынын атап өтті. 

- Сауда – Астана мен Мәскеу үшін маңызды екіжақты форматтағы негізгі сала. Ал транзиттің жаһандық маңызы бар. Қазақстан мен Ресей - Шығыс пен Батысты байланыстыратын екі ел. Менің ойымша, алдағы жоғары деңгейдегі кездесуде бұл мәселелер басты назарда болады, - деді сарапшы.

Оның пайымынша, екіжақты күн тәртібіндегі негізгі тақырыптарға көлік, өнеркәсіп және цифрландыру кіреді. Бұл бағыттарды табысты жүзеге асыру үшін әлеует пен ресурстардың кооперациясы қажет. 

– Міндеттер өте ауқымды – бір елдің емес, көп елдің күш-жігері қажет. Президенттердің кездесуінде дәл осы мәселе талқыланады, - деді ол.

Дмитрий Журавлев өңірде мүдделер балансын сақтау қажет екеніне назар аударып, серіктестердің барлығының арасындағы қарым-қатынасты құрудағы дипломатияның рөлін атап өтті.

- Әскери саладағы одақтар бәрімен дос болуға кедергі жасамаса, барлығымен достық қарым-қатынасты орнатуға болады. Егер мемлекет әскери блоктың құрамында болса, тиісті келісім аясындағы уағдаластықтармен шектеледі. Бірақ барлық басқа жағдайларда Ресеймен, Қытаймен, Еуропа одағымен және АҚШ-пен айтарлықтай нәтижелі ынтымақтастықты орнатудың мүмкіндігі мол», - деді спикер. 

Журавлевтің айтуынша, Қытай Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты күшейтуге ерекше мән беріп отыр. Ал АҚШ осы өңірдегі байланыстарды енді ғана нығайта бастады. Еуропа одағы белсенділік танытып жатыр, бірақ ЕО-ның мүмкіндіктері шектеулі.

Экономикамен қатар мәдени-гуманитарлық сала да ынтымақтастықтың басым бағыты болып қала береді. Сарапшының сөзіне қарағанда, бұл сала екі ел арасындағы сенімді нығайтып, жақындастыруға септігін тигізеді.

- Мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл - Қазақстан-Ресей қарым-қатынасының маңызды бөлігі. Бұл ретте, екі ел мәдениетін Қазақстанда да, Ресейде де дамытуға мән беру керек. Сондықтан бұл тақырып назардан тыс қалмайды, яғни мәдени-гуманитарлық байланыстар мемлекеттердің өркендеуі үшін маңызды, - деді ол.

Сарапшының пікірінше, Орталық Азияға қатысты Ресейдің сыртқы саясатының векторы өзгеріссіз қалған, дегенмен оны жүзеге асыру жан-жақты өлшемделген сипатта өрбіп келеді. Осы орайда Мәскеу тең құқылы серіктестікке, экономикалық прагматизмге және дипломатиялық балансқа сүйеніп, дәстүрлі байланыстарды өзгермелі геосаяси жағдайдағы өзара іс-қимылдың жаңа формаларымен үйлестіреді.

Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 11-12 қарашада Ресей Федерациясына мемлекеттік сапармен баратынын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар