Қазақстан мен Ресейдің электр энергиясы саласындағы байланысы жаңа деңгейге көтеріліп отыр - «KEGOK» АҚ президенті

nbsp;Мамырдың 4-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Қазақстан мен Ресей арасындағы электр энергиясы саласы бойынша дәстүрлі қарым- қатынасы жаңа сапалы деңгейге көтеріліп отыр.

Қазақстан мен Ресейдің электр энергиясы саласындағы байланысы жаңа деңгейге көтеріліп отыр - «KEGOK» АҚ президенті

Бүгін Қазақстан мен Ресей энергия жүйелерінің параллель жұмысын қамтамасыз ету шарттарының толық топтамасына қол қою барысында «KEGOK» АҚ президенті Алмасадам Сәтқалиев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Екі мемлекеттің электр энергетикасы саласындағы дәстүрлі серіктестік қарым-қатынасы сапалық жағынан жаңа деңгейге көтеріліп отыр. Қазақстан мен Ресей басшыларының Біртұтас кедендік кеңістікті құру бағытындағы саясаты шеңберінде бүгінгі жасалған келісімдер осы энергия жүйелерінің параллель жұмысының экономикалық және технологиялық артықшылықтарын екі мемлекет тұтынушыларының игілігі үшін барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік береді», деді «KEGOK» АҚ президенті Алмасадам Сәтқалиев.

Оның айтуынша, екі мемлекет біртұтас электр жүйелерінің көрсететін өзара қызметтері коммерциялық негізге көшеді. Ресей жағы электр энергиясын қазақстандық желілер арқылы жеткізу/тасымалдауды ақылы негізде жүзеге асыратын болады. «KEGOK» АҚ өз кезегінде Қазақстан біртұтас электр жүйелерінің жүйелік операторы ретінде нормативтік жиілікті қадағалау қызметіне ақы төлей бастайды.

Естеріңізге сала кетейік, екі ел арасында осы уақытқа дейін қуатты (жиілікті) реттеу электр энергиясының транзитіне қайтарым ретінде жүзеге асырылып келген болатын. Ал мұндай шарттық міндеттемелердің болуы диспетчерлік қызмет жауапкершілігін арттыруға және екі мемлекет шекарасы арқылы өтетін электр энергиясы ағынының сальдосын қадағалауға ықпал ететін болады.