Қазақстан мен Сербия бейбіт атом энергетикасы бойынша тәжірибе алмасу мүмкіндігін қарастырады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Сербия бейбіт атом энергетикасы бойынша тәжірибе алмасу мүмкіндігін қарастырады. Бұл туралы Ақордада Сербия Президенті Александр Вучичпен келіссөздерден кейінгі БАҚ өкілдеріне арналған бірлескен мәлімдеме барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. 

Сербия Қазақстан
Фото: Kazinform

— Көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге айрықша назар аудардық. Былтыр Астана мен Белград арасында тікелей әуе рейсі ашылды. Бұл — ықпалдастығымызды дамыту жолындағы маңызды қадам. Сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің транзиттік мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, жүк тасымалдайтын жаңа бағыттар ашу мәселесіне тоқталдық, — деді Президент.

Мемлекет басшысы мәртебелі мейманмен инфрақұрылым саласындағы әріптестікті нығайту жолдары да талқыланғанын атап өтті.

— Тиісті министрліктер мен операторларға нақты ынтымақтастық тәсілдерін айқындауды ұсындық. Энергетика саласында осы маңызды минералдарды өндіру және өңдеуге, қосылған құны жоғары өндірістерді дамыту үшін өзара іс-қимылды күшейтуге келістік. Оған қоса, бейбіт атом энергетикасы бойынша тәжірибе алмасу мүмкіндігін қарастырдық, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Сербия Президенті Александр Вучич Қазақстанның ең жоғары наградасы «Алтын қыран» орденімен марапатталғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар
Референдум