Қазақстан мен Сербия парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуға ниетті
Жүздесу барысында мемлекетаралық, соның ішінде парламентаралық қарым-қатынасты одан әрі тереңдетудің өзекті мәселелері талқыланды.
Г. Исимбаева атап өткендей, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Сербия Президенті Александр Вучичтің жоғары деңгейдегі кездесулері екі ел арасындағы саяси ынтымақтастың жарқын көрсеткіші. Мәжіліс төрағасы орынбасарының айтуынша, Қазақстан Сербиямен сауда-экономикалық байланысты одан әрі нығайтуға ынталы. Ол үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Сондай-ақ ауылшаруашылығы, көліктік-логистикалық, фармацевтикалық және туризм салалары да басым бағыттар қатарында.
Тараптар халықтар арасындағы татулық жайын сөз ете келіп, этникааралық және дінаралық келісімді қамтамасыз ету әрі реттеу мәселесінде Қазақстан мен Сербияның тәжірибесі мол екеніне тоқталды.
Мәртебелі мейман өз сөзінде Қазақстан басқа елдер мүддесіне қайшы келмейтін халықаралық деңгейдегі бейбіт бастамалардың арқасында БҰҰ Кауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі атанғанын және Сирия мәселелерін реттеу бойынша маңызды келіссөз алаңына айналғанын атап өтті.
Кездесу соңында тараптар барлық мүмкіндікті пайдаланып, екіжақты қарым-қатынасты жан-жақты нығайтуға уағдаласты.