Қазақстан мен Сербияның әлемдегі көптеген түйткілге қатысты ұстанымы ұқсас — Тоқаев

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Сербияның әлемдегі көптеген түйткілге қатысты ұстанымы ұқсас. Бұл туралы Ақордада Сербия Президенті Александр Вучичпен келіссөздерден кейінгі БАҚ өкілдеріне арналған бірлескен мәлімдеме барысында Мемлкет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Қазақстан мен Сербияның әлемдегі көптеген түйткілге қатысты ұстанымы ұқсас — Тоқаев
Фото: Ақорда

— Жалпы, бүгінгі келіссөздер өте табысты болды. Бірлескен мәлімдеме қабылдадық. Жан-жақты ынтымақтастыққа тың серпін беретін бірқатар маңызды құжатқа қол қойдық. Осы келісімдердің нәтижесінде екі елдің қарым-қатынасы нығая түсетіні сөзсіз. Президент Вучич мырзамен халықаралық және аймақтық мәселелер бойынша пікір алмастық. Жаһандық геосаяси ахуалдың ушығуына, қақтығыстардың көбеюіне бәріміз алаңдап отырмыз. Әлемдегі көптеген түйткілге қатысты мемлекеттеріміздің ұстанымы ұқсас, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пайымынша, БҰҰ Жарғысының және халықаралық құқық нормаларының талаптары қатаң сақталуға тиіс.

— Кез келген жанжалды келісім арқылы дипломатиялық жолмен шешу қажет деп санаймыз. Біз болашақта да халықаралық деңгейде күш біріктіріп, тиімді жұмыс істеуге, бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге белсене атсалысамыз деп келістік. Бүгінгі сапар екі елдің ынтымақтастығын одан ары нығайта түсетіні анық. Бұған қос тарап та мүдделі. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», дейді. Бірлесіп әрекет етсек, ортақ мақсаттарға қол жеткіземіз деп сенемін, — деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін Сербия Президенті Александр Вучич Қазақстанның ең жоғары наградасы «Алтын қыран» орденімен марапатталғанын жазған едік.