Қазақстан мен Тәжікстан стратегиялық әріптестік туралы шартқа қол қойды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Тәжікстан стратегиялық әріптестік туралы шартқа қол қойды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республикасының басшысы Эмомали Рахмонмен келіссөздерінің қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне арналған бірлескен мәлімдемеде хабарлады.
«Экономикалық байланыстардың үлкен маңызы бар, даму үстінде, бірақ кейбір сәттерде кең көлемде даму қарқыны мықты деп айта алмаймын. Сондықтан, бүгін біздің елдер арасындағы 80 шартқа қосымша ретінде қол қойылған стратегиялық әріптестік туралы шарт - жақсы база болмақ», - деді Н. Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Тәжікстан арасында ешқандай даулы мәселелер жоқ екеніне атап өтті.
«Бізде қандай да бір салада түсінбеушілік жоқ, керісінше, өзара түсіністік қалыптасқан», - деді Елбасы.
Атап өтейік, Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы сауда айналымы 2014 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында 700,4 млн долларды құрады. Ал 2015 жылдың бірінші жарты жылдығында 299,2 млн доллар болды. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 7,9 пайызға төмен. 2014 жылдың бірінші жарты жылдығында 325 млн долларға жеткен еді. Атап, айтқанда, экспорт 211,1 млн долларды құрап, 2014 жылдың сәйкес кезеңінен 13,5 пайызға төмен (2014 жылы - 244,1 млн.доллар) болды. Ал, импорт 88,1 долларды құрап, 2014 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,8 пайызға артық болды (2014 жылы 80,9 млн доллар).
Қазақстан Тәжікстанмен арадағы сыртқы сауда көлемі жағынан тұрақты түрде Ресейден кейінгі екінші орын алады.
Қазақстан үшін ынтымақтастықтың басымдықты бағыттары - тау-кен өнеркәсібі, түсті металлургия, машина құрылысы, энергетика, тамақ өнеркәсібі, көлік және коммуникация, ауыл шаруашылығы салалары.