Қазақстан мен Түркия: экономикалық әріптестіктің жаңа белесі
АСТАНА. KAZINFORM – Бірнеше жыл бойы күрделі макроэкономикалық ахуалды бастан өткерген Түркия экономикасы бүгінде дамудың жаңа кезеңіне бет бұрды. Бағаның күрт өсуі, валюта бағамының тұрақсыздығы, импорттық ресурстар құнының өсуі және дәстүрлі емес ақша-несие саясаты елдің қаржылық тұрақтылығын қайта қалыптастыру қажеттігін көрсетті. Түркия экономикасы бүгінде қай бағытта дамып келеді? Қазақстанмен экономикалық әріптестікті нығайтудың әлеуеті қандай? Бұл туралы Анкарадағы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі баяндайды.
Түркия жаңа экономикалық архитектураның негізін қалайды
Түркия экономикасы соңғы бірнеше жылда айтарлықтай өзгерістерді бастан өткерді. Инфляция мәселесі әлі түбегейлі шешілген жоқ. Кредиттеудің үстеме пайызы жоғары, ал түрік лирасына түсетін қысым әлі сезіледі. Алайда осы кезеңде елдің экономикалық саясаты жаңа арнаға бет бұрды. Билік біртіндеп ортодоксалды экономикалық модельге қайта оралып келеді. Негізгі назар инфляцияны төмендетуге, резервтерді күшейтуге және инвесторлар сенімін қалпына келтіруге бағытталған. Бұған қоса қаржы жүйесін болжамды нарықтық тетіктерге кезең-кезеңімен қайта бейімдеу қолға алынған. Бұл өзгеріс Қазақстан үшін де айрықша мәнге ие. Өйткені Түркия экономикасының тұрақтануы екіжақты саудаға ғана емес, инвестиция, көлік және энергетика салаларындағы ынтымақтастыққа да тікелей әсер етуі мүмкін. Оның үстіне бұл өзгерістер Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКБ), яғни Орта дәліздің дамуына да ықпал етпек.
Түркия экономикасындағы бүгінгі ахуалды да осы үдерістер аясында бағалаған жөн. Түркияның Стратегиялық зерттеулер және даму орталығы Директорлар кеңесінің төрағасы Юнус Эмре Канаттың пікірінше, инфляция мәселесі толық шешімін тапты деп айтуға әлі ерте. Оның айтуынша, қазіргі өзгерістерді тәртібі күшейіп, болжамдылығы арта түскен макроэкономикалық ортаның қалыптасуымен сипаттаған жөн. Бұл ұзақ уақыт бойы жоғары деңгейде сақталған инфляциядан біртіндеп арылуға мүмкіндік береді. Сондықтан қазіргі ахуалды түпкілікті шешім деп бағалауға әлі ерте. Керісінше, бұл – дағдарысты басқарудан жаңа экономикалық архитектура қалыптастыруға қарай жасалған бетбұрыс.
Түркия экономикасы тұтыну бағалары күрт шарықтаған күрделі кезеңнен өтті. Инфляция шарықтаған тұста жылдық көрсеткіш 86 пайызға жуықтап, ел экономикасына елеулі салмақ салды. Алайда инфляция қарқынының төмендеуі баға тұрақтылығының түпкілікті орныққанын білдірмейді. Сарапшының айтуынша, Түркияның Орталық банкі биыл тамыз айында жыл соңына арналған инфляция болжамын 26 пайыздан 28 пайызға көтерді. Бұған энергия бағасы, геосаяси қатер және азық-түлік құнының өсуі әсер еткен. Ал 2027 жылға арналған 15 пайыздық және 2028 жылға белгіленген 9 пайыздық көрсеткіш өзгеріссіз қалды.
— Осы тұрғыдан алғанда, Түркия билігінің алдында тұрған міндет бір ғана макроэкономикалық көрсеткішті төмендетумен шектелмейді. Негізгі мақсат – бизнес пен халықтың ұлттық валютаның тұрақтылығына деген сенімін нығайту, яғни инфляция жоғары болады деген күдігін сейілту. Егер компаниялар жоғары инфляция болады деген болжамға еріп, өнім бағасына үстеме құнды алдын ала қосуды жалғастыра берсе, ал халық лираның құнсыздануынан қорғанып, жинақтарын сақтауға ұмтылса, инфляцияны тежеу үдерісі ресми болжамдағыдан төмен болуы мүмкін. Демек, Түркия экономикасының қазіргі күн тәртібінде үш басымдық тұр: инфляцияны тежеу, қаржылық тұрақтылықты сақтау және орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз ету, — деді Юнус Эмре Канат.
Түркия үшін алдағы жылдардың басты сынағы – осы үш басымдықты бір арнаға тоғыстырып, тепе-теңдікті сақтау.
Түркия шетелдік капитал үшін әлі де тартымды нарық
Түркия экономикасы жаңа жағдайға біртіндеп бейімделе бастағанын аңғартады. Қаржы ресурстарының жоғары болғанына қарамастан, елдің өсу әлеуеті сақталған. ЖІӨ-нің 3,5-4 пайыз көлемінде артуы экономикалық белсенділіктің толық тежелмегенін көрсетеді. Бұл ретте биліктің алдында тұрған негізгі міндет – өсім құрылымының сапасын арттыру. Бұған дейін экономиканың кеңеюіне жылдам несие мен ішкі сұраныс айтарлықтай серпін берген болса, енді экспортқа, инвестицияға, еңбек өнімділігіне және қосылған құны жоғары салаларға басымдық берілмек.
85 миллионға жуық халқы бар Түркияның ішкі нарығы ауқымды, ал өнеркәсіптік әлеуеті әртараптандырылған. Елде автомобиль және машина жасау, тоқыма мен тамақ өнеркәсібінен бастап, қорғаныс өндірісі мен құрылыс саласы жақсы дамыған. Сонымен қатар Түркияның логистикалық инфрақұрылымы да жоғары деңгейде. Еуропамен кедендік ықпалдастықтың болуы және Еуропа, Азия мен Таяу Шығысты байланыстыратын негізгі сауда бағыттарының тоғысында орналасуы елдің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейте түседі.
Сол себепті макроэкономикалық көрсеткіштердің төмендегеніне қарамастан, Түркия шетелдік капитал үшін тартымдылығын сақтап отыр.
Сыртқы экономикалық тұрақтылықтың тағы бір маңызды тірегі – туризм. Бұл сала көптеген жыл бойы Түркияға түсетін валюталық кірістің негізгі көздерінің бірі саналып, ағымдағы шоттың тұрақтылығын сақтауға елеулі үлес қосып келеді. Биыл қаңтар-наурыз аралығында туризмнен түскен кіріс жылдық есеппен 4,2 пайыз өсіп, 9,896 млрд долларға жетті. Алайда екінші тоқсанда көрсеткіштер біршама әлсіреді. Сәуір-маусым айларындағы кіріс өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,6 пайыз төмендеді.
Бұл деректер Түркияның бәсекеге қабілетті салаларының бірі – туризмнің де сыртқы қатерге тәуелді екенін көрсетеді. Геосаяси жағдай, энергия ресурстарының құны, әлемдік экономиканың ахуалы және өңірлік қауіпсіздікке қатысты факторлар туристік ағынға тікелей ықпал етеді. Сонымен қатар жоғары ішкі инфляция қонақ үй, көлік және қызмет көрсету бағасының өсуіне әсер етеді. Сондықтан Түркия енді туристер санын арттыруға ғана емес, әр саяхатшының ел экономикасына әкелетін кірісін көбейтуге және жоғары табысты туризмді дамытуға басымдық бермек.
Қазақстан мен Түркия: экономикалық байланыстың жаңа кезеңі
Қазақстан үшін бұл өзгерістердің маңызы айрықша. Екі ел арасындағы экономикалық байланыстар әлдеқашан дәстүрлі сауда шеңберінен шығып, ауқымы кеңейді. Қазір екіжақты күн тәртібінде көлік және логистика, энергетика, инвестиция, өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, тау-кен өндірісі, технологиялар және стратегиялық маңызы бар минералдар секілді бағыттар бар. 2025 жылы Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 5,4 млрд долларға жетіп, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 8,8 пайыз өсті. Қазақстанның Түркияға экспорты 17,7 пайыз артып, шамамен 3,9 млрд долларды құрады. Ал 2026 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша Түркия Қазақстанның экспорттық серіктестері арасында 7,6 пайыздық үлеспен төртінші орынға шықты.
Бұл көрсеткіштер екі ел арасындағы экономикалық байланыстың ауқымы бұдан да кең екенін көрсетеді. Түркия Қазақстан үшін ірі сауда серіктесі болумен қатар, Орталық Азия мен Еуропаны жалғайтын экономикалық көпірдің біріне айналу әлеуетіне ие. Ал Қазақстан Каспий мен Кавказ арқылы Түркияға, одан әрі Еуропа және Азия нарықтарына шығатын өндірістік әрі ресурстық орталық ретінде өз орнын нығайта алады.
Екі ел әлеуетінің өзара толықтығын көрсететін ең айқын мысал – Орта дәліз. Транскаспий халықаралық көлік бағыты Қытай мен Орталық Азияны Кавказ, Түркия арқылы Еуропа нарықтарымен жалғайды. Бұл тізбекте Қазақстан өзінің географиялық орналасуы мен көлік инфрақұрылымына сүйене отырып, негізгі шешуші рөл атқарады. Ал Түркияның дамыған логистикалық желісі, Еуропа нарықтарына тікелей шығу мүмкіндігі және жүктерді өңдеп, қайта бөлу әлеуеті бар.
Юнус Эмре Канаттың пікірше, Орта дәліздің қарқынды дамуы Қазақстан мен Түркияның экономикалық серіктестігін күшейте түседі. Екі ел өзара тауар тасымалдаумен ғана шектелмейді, Еуразия кеңістігіндегі өндірістік байланыстарды біріктіретін жаңа жүйе қалыптасып келеді. Мұнда Қазақстан мен Түркия ортақ экономикалық кеңістіктің стратегиялық торабы бола алады.
— Перспективасы жоғары бағыттардың бірі – шикізат пен дайын өнім саудасынан бірлескен өндіріс моделіне көшу. Қазақстан мыс, мұнай, алюминий және өзге де металдар мен табиғи ресурстарға бай. Ал Түркияның өнеркәсіптік тәжірибесі, инженерлік базасы, технологиясы, логистикалық мүмкіндіктері және сыртқы нарықтарда қалыптасқан кең желісі бар. Осы артықшылықтарды өзара ұштастыру арқылы бірлескен кәсіпорындарда қосылған құны жоғары өнім шығаруға болады, — деп атап өтті Юнус Эмре Канат.
2026 жылдың басынан бері екі елдің экономикалық күн тәртібінде энергетика және табиғи ресурстар саласындағы ынтымақтастықтың салмағы артты. Оның ішінде мұнай-газ инфрақұрылымы, таза энергетика, электр энергиясын беру, тау-кен өндірісі, стратегиялық маңызды және сирек металдар негізгі бағыттардың қатарында. Әлемдік энергетиканың жаңа кезеңге өтуі бұл ресурстарға деген сұранысты күшейтіп отыр. Қазақстан мол шикізат қорына сүйенсе, Түркия жеткізу көздерін әртараптандырып, өнеркәсіптік әлеуетін одан әрі нығайтуға мүдделі.
Қазақстан мен Түркияның жаңа инвестициялық бағыты
Екі ел арасындағы серіктестікті нығайтудың тағы бір маңызды бағыты – технологиялық ынтымақтастық. «Қазақстандық шикізат – түркиялық тауар» деген дәстүрлі үлгімен шектелмей, екі тарап түпкілікті өнім жасауға мүмкіндік беретін жаңа модельге көшуі қажет. Бұл ретте өндірісті жергіліктендіру, ортақ зерттеулер жүргізу, инженерлік құзыреттерді ұштастыру, технологиялық орталықтар ашу және бірлескен компанияларды үшінші нарықтарға шығару осы бағыттың негізгі тетіктеріне айналуы мүмкін.
Осы тұрғыдан алғанда, Түркиядағы қазіргі экономикалық өзгеріс ел ішіндегі үдерістермен ғана шектелмей, оның сыртқы экономикалық рөлінің өзгеруіне де ықпал етуі мүмкін. Егер Анкара инфляцияны тұрақтандырып, қаржы жүйесін нығайтып, инвесторлардың сенімін қайта қалыптастырса, түркиялық компаниялардың халықаралық нарықтағы қызметін кеңейтуіне қолайлы жағдай туындайды. Бұл Қазақстан үшін түркиялық инвестиция көлемінің артып, бірлескен жобалар санының көбеюіне жол ашады.
Сонымен бірге макроэкономикалық тұрақтылыққа бірден қол жеткізу мүмкін емес екенін ескерген жөн. Түркия экономикасында инфляция деңгейі әлі де жоғары, несие қымбат, ал валюта бағамына қатысты тәуекел сақталып отыр. Осыған байланысты қазақстандық инвесторлар түрік нарығына оның ауқымы мен әлеуетіне ғана қарап баға бермеуі керек. Қаржыландыру құны, валюта бағамының құбылмалылығы мен нақты саланың ерекшелігі, инвестицияның мерзімі де мұқият назарға алынуға тиіс.
Сонымен қатар қазіргі кезең ұзақ мерзімді капитал үшін жаңа мүмкіндіктердің есігін ашуы мүмкін. Инфляцияның біртіндеп бәсеңдеуі активтер мен өндірістік қуаттың, сондай-ақ инвестициялық жобалардың құнын жаңа экономикалық жағдайда қайта қарауға жол береді. Бұл инвестордың тұрақтандыру шараларының әсері негізгі көрсеткіштерден толық байқалғанға дейін нарыққа еніп үлгеру мүмкіндігі бар дегенді білдіреді.
Бұл ретте Түркияны тек 85 миллион тұрғыны бар ішкі нарығымен өлшеу дұрыс емес. Елдің стратегиялық маңызы әлдеқайда ауқымды. Түркия Еуропаны Кавказ, Орталық Азия, Таяу Шығыс және Солтүстік Африкамен жалғайтын өндірістік әрі логистикалық хаб бола алады. Бұл Қазақстанға Түркияның инфрақұрылымы мен өндірістік мүмкіндіктерін пайдаланып, Орталық Азиядан шалғай орналасқан жаңа нарыққа шығуға жол ашады.
Қазақстан – Түркияға шикізат жеткізуші ғана емес, өңірдегі ұзақ мерзімді серіктес. Еліміздің территориясы түркиялық бизнестің өндірістік және логистикалық тізбектерін кеңейтуге қолайлы алаң бола алады. Осылайша, екі ел арасындағы байланыс біртіндеп тауар айналымынан кең ауқымды экономикалық әріптестікке қарай ойысады.
Юнус Эмре Канаттың пікірінше, бүгінгі үдерістердің стратегиялық мәні де дәл осында жатыр.
— Түркия экономикасының тұрақтануын Анкараның ішкі күн тәртібімен ғана шектеуге болмайды. Бұл үдеріс халықаралық серіктестер үшін де жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Түркияның қаржы жүйесі қаншалықты тұрақты әрі болжамды бола түссе, шетелдік компаниялардың ұзақмерзімді инвестиция туралы шешім қабылдауы да соншалықты оңай болады, — дейді.
Күрделі кезең жаңа мүмкіндіктерге жол ашады
Сонымен бірге Түркия экономикасының алдында шешімін күткен бірқатар мәселе бар. Инфляция әлі де жоғары деңгейде, қымбат қаржыландыру бизнеске қысым жасап отыр. Лира бағамы ішкі және сыртқы өзгерістерге тәуелді болатын болса, импортқа деген тәуелділік сыртқы сауда теңгерімін жылдам жақсартуға кедергі келтіреді. Геосаяси ахуалдың құбылуы энергетика мен туризм нарығына да бірден әсер етуі ықтимал. Сондықтан қазіргі кезеңді экономикалық проблемалардан толық арылған кезең деуге әлі ерте.
Юнус Эмре Канаттың бағалауынша, Түркия экономикалық тұрақтылыққа әлі толық қол жеткізген жоқ. Қазір ел осы межеге жетудің жаңа кезеңіне қадам басып, алғашқы нәтижелерін көрсете бастады. Дегенмен алда атқарылар жұмыс ауқымды. Экономикалық қайта құрудың табысы Анкараның инфляцияны тежеумен қатар, өндірістік қуаттарды сақтап, инвестициялық белсенділікті арттыруына және экспорттың бәсекеге қабілеттілігін нығайта алуына байланысты болмақ.
Егер аталған тепе-теңдік орнықса, Түркия экономикасы дағдарысты еңсеріп, тұрақты өсудің жаңа белесіне көтеріледі. Мұндай бетбұрыс Қазақстан үшін де жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Оны тек өзара тауар айналымының көлемімен бағалау жеткіліксіз. Екі ел үшін әлдеқайда ауқымды міндет тұр: ортақ өндірістер құру, көлік бағыттарын ықпалдастыру, Қазақстанның шикізат әлеуетін Түркияның өнеркәсіптік мүмкіндіктерімен сабақтастыру және үшінші нарықтарға бірлесіп шығу.
Осы тұрғыдан алғанда, экономиканың қалыпқа келуі Түркияға ғана емес, кең ауқымды сауда-экономикалық байланыстар жүйесіне де әсерін тигізеді. Бұл жүйеде Қазақстанның маңызды орынға жайғасу мүмкіндігі бар. Өйткені екі ел арасындағы ынтымақтастық экономикалық шеңберден шығып, Еуразияда жаңа геосаяси осьтің қалыптасуына негіз болып келеді.