Қазақстан мен Вьетнам арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді — Президент

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Вьетнам арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатыр. Бұл туралы Ақордада елімізге мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысы То Лам жоғары деңгейдегі келіссөз барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Қазақстан мен Вьетнам арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді 
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті ең алдымен елімізге мемлекеттік сапармен келген мәртебелі мейманға ризашылығын білдіріп өтті.

— Мұны ең алдымен қазақ-вьетнам ықпалдастығын одан ары нығайтуға деген ниеттің айқын көрінісі деп бағалаймын. Вьетнам — Қазақстанның Азиядағы сенімді серіктесі. Елдеріміздің дамуы жолындағы мақсат-міндеттері де ұқсас. Вьетнамның 2040 жылға дейін экономикасы дамыған әлемдегі озық 25 мемлекеттің қатарына кіруге деген талпынысын толық қолдаймыз. Бұл ретте күш жұмылдырып, бірлесіп, әрекет етуге дайынбыз, — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі уақытта Қазақстан мен Вьетнам арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанына назар аудартты. 

— Біз аз уақыт ішінде бірқатар ірі жобаны жүзеге асырдық. Алдағы уақытта да өзара тиімді байланыстарымызды кеңейтуге толық негіз бар. Сіздің осы тарихи сапарыңыз және соның аясында қол қойылатын құжаттар қазақ-вьетнам қатынастарын одан ары күшейтуге тың серпін береді, — деді Президент.

Бұған дейін Вьетнам премьер-министрінің орынбасары, сыртқы істер министрі Буй Тхань Шон Kazinform агенттігіне эксклюзив сұхбат беріп, Қазақстан-Вьетнам қарым-қатынасының жай-күйі жайлы егжей-тегжейлі айтып берген еді. 

Сондай-ақ, кейінгі 30 жылдан астам уақытта екі ел байланысы қалай нығайды? Kazinform аналитикалық шолушысы осы тақырыпты талдап көрген болатын. 

Соңғы жаңалықтар