Қазақстан мен Жапония атом энергетикасы саласында бірқатар екіжақты құжатқа қол қойды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі және оған қарасты ұйымдар атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы қазақстандық-жапондық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар екіжақты құжатқа қол қойды, деп хабарлайды Kazinform.
Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің мәліметінше, құжаттарға қол қою Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға ресми сапары және 2025 жылғы 18-20 желтоқсан күндері өткен «Орталық Азия – Жапония» форматындағы мемлекеттер басшылары саммиті аясында жүзеге асты.
Тараптар мынандай құжаттарға қол қойды:
- Жоғары температуралы газбен салқындатылатын реакторлар бойынша ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум (Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен Жапонияның атом энергиясы агенттігі арасында);
- Қолданбалы зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты нығайту туралы меморандум (Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен Жапонияның атом энергиясы агенттігі арасында);
- Ғылыми байланыстарды кеңейту саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум (Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы мен Marubeni Utility Services Ltd. арасында);
- Пайдаланылған ядролық отынмен және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум (Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы мен Muroosystems Corporation арасында);
- Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер бойынша өзара түсіністік туралы меморандум (Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы мен Фукуи университетінің Ядролық инженерия ғылыми-зерттеу институты арасында);
- Жоғары температуралы газбен салқындатылатын реактор отынына сәулелендіру сынағын жүргізудің техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге арналған коммерциялық келісімшарт (Ядролық физика институты, Жапонияның атом энергиясы агенттігі және Marubeni Utility Services Ltd. арасында).
Қол қойылған құжаттар қол жеткізілген уағдаластықтарды бекітіп, Қазақстан Республикасы мен Жапония арасындағы атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану және ғылыми-технологиялық ынтымақтастық салаларындағы өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуге негіз қалайды.
Еске салайық, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Жапония» диалогының алғашқы саммитінде сөз сөйледі. Мемлекет басшысы Жапонияға ресми сапары аясында жалпы сомасы 3,7 млрд АҚШ долларынан асатын 60-тан астам екіжақты құжатқа, оның ішінде коммерциялық келісімдерге қол қойылғанын атап өтті.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының Жапонияға ресми сапары аясында «Самұрық-Қазына» тобына кіретін компаниялар жалпы құны 1,5 млрд АҚШ долларын құрайтын 9 құжатқа қол қойғаны хабарланған.