Қазақстан мен Жапония экология, тау-кен өндірісі және логистика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

АСТАНА. KAZINFORM — «Самұрық-Қазына» тобына кіретін компаниялар Мемлекет басшысының Жапонияға ресми сапары аясында жалпы құны 1,5 млрд АҚШ долларын құрайтын 9 құжатқа қол қойды, деп хабарлайды Kazinform.

Компании группы «Самрук-Қазына» подписали 9 документов на $1,5 млрд в рамках официального визита Главы государства в Японию
Фото: t.me/samrukkazynaofficial

«Самұрық-Қазына» қорының Telegram-арнасының мәліметінше, Қазақстан Республикасы Президентінің Жапонияға ресми сапары барысында «Самұрық-Қазына» тобының компаниялары мен жапондық серіктестер арасында энергетика, қаржы, экология, көлік, тау-кен өндірісі және цифрландыру салаларын қамтитын бірқатар стратегиялық маңызды келісімдерге қол қойылды.

Атап айтқанда:

– «Самұрық-Қазына» мен Marubeni Corporation арасындағы ынтымақтастық туралы келісім;

– «Самұрық-Қазына» мен Total Energies бірлескен кәсіпорны саналатын Aktas Energy мен Marubeni арасындағы көміртек кредиттерін шығару, верификациялау және өткізу бойынша келісім;

– «Самұрық-Энерго» АҚ мен Mitsubishi Heavy Industries арасындағы ауа сапасын бақылаудың «таза» технологияларын енгізу жөніндегі стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім;

– Жобаларды қаржыландыру бойынша MUFG Bank-пен ынтымақтастық туралы меморандум;

– KEGOC пен Hitachi Energy арасындағы цифрлық технологияларды енгізу жөніндегі стратегиялық әріптестік туралы келісім;

– «Қазпошта» АҚ мен Toshiba Corporation арасындағы қоймаларды басқару бизнес-процестерін автоматтандыру және электрондық коммерцияны дамыту жөніндегі келісім;

– «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы АҚ мен Kansai Electric арасындағы ынтымақтастық туралы құжат;

– «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы АҚ мен JOGMEC арасындағы Қазақстан Республикасының тау-кен секторындағы ынтымақтастық туралы меморандум;

– «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы АҚ мен RIKEN KOGYO Inc. арасындағы Қазақстан темір жолдарын жел мен қардан қорғау саласындағы шешімдерді әзірлеу жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандум.

Бұған дейін хабарланғандай, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Жапония» диалогының алғашқы саммитінде сөз сөйледі.

Президент Жапонияға ресми сапары аясында жалпы сомасы 3,7 млрд АҚШ долларынан асатын 60-тан астам екіжақты құжатқа, оның ішінде коммерциялық келісімдерге қол қойылғанын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар