Қазақстан Моңғолияға вагон экспорттайды
АСТАНА. KAZINFORM — Моңғолияға Атырау вагон құрастыру зауытының өнімдері сатылмақ. Бұл жөнінде Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов Қазақстан-Моңғолия бизнес форумында мәлімдеді.
— Бүгінгі бизнес форумда Атырау вагон құрастыру зауытының өнімдерін сатып алу бойынша келісімшартқа қол қойылады. Меніңше, Моңғолия шамамен 6,7 млн доллар қаржыға вагон алады. Дегенмен, бұл — басы. Бірте-бірте сауда көлемі ұлғаяды, — деді ол журналистерге сұхбат бере отырып.
Сонымен бірге, Мұрат Қарымсақов еліміз Моңғолияға экспорттайтын басқа да тауарларды атап өтті.
— Бізден бұл ел электроника, азық-түлік, металлургия, құрылыс заттарын, астық өнімдерін сатып алады. Ал Қазақстан Моңғолиядан тері өнімдері, көкөністер т. б. тауарлар импорттайды, — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Тоқаев пен Хурэлсүх Қазақстан мен Моңғолияны жалғайтын автожол салуға келіскенін жазғанбыз.