Қазақстан мұнай бағасының құбылуына дайын болуы тиіс - Қ.Келімбетов

Бұл туралы бүгін III Астана экономикалық форумында «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының Басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан үшін диверсификация мәселесі аса маңызды. «Біздің дағдарыстан алған сабағымыз - нақты мемлекеттік саясат пен мол көлемдегі инвестицияларсыз экономиканың энергореурстарға жатпайтын секторына инвестиция тарту мүмкін емес. Сондықтан да Қазақстанда үдетілген индустриялизацияландыру бағдарламасы қолға алынып отыр. Оған сәйкес, алдағы 5 жылда біз құны 50 миллиард долларды құрайтын жобаларды жүзеге асыруымыз керек. Осы ретте айта кететін мәселе, аталған жобалардың 50 пайызға жуығы «Самұрық-Қазына» қорының қатысуымен жүзеге асуда. Бұл мемлекет қалай болған күнде де жүзеге асыруы тиіс инфрақұрылым саласындағы жобалар. Бұл біздің мұнай өндіру және металлургия зауыттарын салу сияқты негізгі қуаттарымызды жаңғыртуға бағытталған міндеттер. Біз оларды қалайда жүзеге асыруға тиіспіз. Сондықтан да біз әріптестермен бірлесіп, осы мәселеге барынша күш салып отырмыз», деді Қ.Келімбетов.