Қазақстан мұнайын тасымалдайтын екі танкерге дронмен шабуыл жасады
АСТАНА. KAZINFORM — Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалында Қазақстан мұнайын тасымалдайтын екі танкерге дронмен шабуыл жасады. Шикі мұнайды тиеу тоқтатылды, ешкім зардап шеккен жоқ, деп хабарлайды CPC.
Консорциумның хабарлауынша, оқиға 19 шілдеде VPU-1 және VPU-3 қондырғыларында жүк тиеу операциялары кезінде болған. Шабуылдың мақсаты Либерия туының астындағы ASIA танкерлері және Маршалл аралдарының туының астындағы NISSOS IOS болды.
ASIA кемесіне «Теңізшевройл» компаниясының мұнайы, NISSOS IOS-қа Қашаған Б.В. және «Матен» компанияларының шикізаты, оның ішінде «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ-ның қатысуымен тиелді. Бортта халықаралық экипаждар болған.
Шабуыл нәтижесінде ASIA танкерінде өрт шықты. Оны КҚК авариялық-құтқару күштерін тарта отырып сөндіруге қол жеткізді.
Мұнай тиеу тоқтатылды. Консорциум қызметкерлері, мердігерлік ұйымдар мен экипаж мүшелері арасында құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.
Мұнайдың төгілуі болған жоқ, екі танкер де көтергіштігін сақтап қалды. Қазіргі уақытта мамандар келтірілген залалды бағалайды.
КҚК бұл оқиғаны мақсатты террористік шабуыл деп атады және бұл консорциумның азаматтық инфрақұрылымына қарсы тікелей агрессияның бесінші оқиғасы екенін айтты.
Каспий құбыр консорциумы мұнайды Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарынан тасымалдайды. Ұзындығы 1511 шақырым болатын Теңіз — Новороссийск құбыры арқылы Қазақстанның экспорттық мұнайының үштен екісінен астамы өтеді. 2025 жылы ауыстырып тиеу көлемі шамамен 70,5 млн тонна болды.
Айта кетейік, ҚР Энергетика министрлігі 2026 жылғы 13 қаңтарда Қара теңіз акваториясында, Каспий құбыр консорциумы теңіз терминалы маңында Қазақстанның экспорттық мұнайын тасымалдауға қатысқан екі кемеде тіркелген келеңсіз оқиғалар туралы ақпаратты ресми түрде растаған еді.