Қазақстан намысын қорғап жүргенімді мақтан тұтамын – Елена Рыбакина
АСТАНА. KAZINFORM — 2022 жылғы Уимблдон және биылғы қорытынды турнирдің жеңімпазы, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина жанкүйерлеріне сөз арнады.
Қазақстандық теннисші Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында 2025 жылдың қорытындысымен үндеу жариялады.
- Қымбатты достар, менің сүйікті жанкүйерлерім! Сіздердің әрқайсыңызға мықты қолдауларыңыз – мінбеде, экранда, жіберген хабарламада және матчтан кейінгі жылы сөздеріңіз үшін алғыс айтамын.
Мен Қазақстан намысын қорғап, сіздерге жақсы көңіл-күй мен жеңістер сыйлап жүргенімді мақтан тұтамын. Әсіресе, қолына қалақша ұстаған балалардың көбейгенін көргенде, ерекше қуанамын. Егер менің ойыным сіздерді армандауға, еңбек етіп, өздеріңізге сенуге жетелесе, сол – мен үшін ең үлкен жеңіс.
Алда қысқа демалыс, сосын жаңадан дайындық басталады. Жеңісте де, қиын күндерде де бірге болғандарыңыз үшін рахмет. Сіздердің сенімдеріңіз маған күш береді. Кортта кездескенше. Алға, Қазақстан! – деп жазды Елена Рыбакина.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның әлемдік рейтингіде үздік бестікке енгенін жазған едік.