Қазақстан неге көпвекторлы саясатты ұстанады — сарапшы пікірі
АСТАНА. KAZINFORM — Kazinform агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкастында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (Азия кеңесі) Бас хатшысы Қайрат Сарыбай Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясат ұстанымының себептері мен оның бүгінгі маңызы туралы пікір білдірді.
Оның айтуынша, Қазақстанның географиялық орналасуы елге көпвекторлы саясаттан басқа таңдау бермейді.
— 1994 жылы жас дипломаттар ретінде Қазақстанның алғашқы сыртқы саяси тұжырымдамасын әзірлегенде алдымызға ел картасын қойып, географиямызды сараладық. Сол кезде көпвекторлы саясаттан басқа жол жоқ екенін түсіндік. Бұл ұстаным бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Әйтпесе, аумағы үлкен мемлекет болғанымызбен, халықаралық процестердегі ықпалымызды жоғалтып алуымыз мүмкін еді. Сондықтан көпвекторлы саясат — Қазақстан үшін ең дұрыс бағыт, — деді Қайрат Сарыбай.
Сарапшы халықаралық қатынастар жүйесі әр кезеңде түрлі өзгерістерді өткеретінін атап өтті. Оның пікірінше, қазіргі әлемдегі геосаяси шиеленістер уақытша құбылыс болғанымен, олардың басты себебі халықаралық құқық нормаларының сақталмауымен байланысты.
— Президентіміз осы күнге дейін тарих соғыстардың тарихы болып келгенін айтқан еді. Енді тарихты өскелең ұрпаққа жаңашылдық беретін, адамзатқа игілік жасайтын жаңа мәдениеттер арқылы таныту керек деген ойына толық қосыламын. Халықаралық қатынастарда да толқынды кезеңдер болады: кейде шиеленіс күшейсе, кейде бейбіт кезең қайта оралады. Бірақ мемлекеттер, әсіресе ірі державалар халықаралық құқыққа немқұрайлы қараса, әлемдегі жағдайдың тұрақталуы қиын, — деді Қ. Сарыбай.
Спикер Қазақстанның басты мақсаты — Орталық Азия мен Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылыққа үлес қосу екенін айтты.
— Егер біз өз өңіріміздегі тыныштықты қамтамасыз етуге үлес қоса алсақ, бұл бүкіл халықтың игілігіне қызмет етеді. Қазақстанның ең үлкен байлығы — оның халқы және халықтың бейбітсүйгіш болмысы. Қазақ халқы ешқашан өзгенің жеріне көз тіккен емес. Бізге ата-бабадан қалған жер жеткілікті. Сондықтан басты міндет — осы жерді дамыту және оны қантөгіссіз сақтау, — деді Қайрат Сарыбай.
Оның сөзінше, бұл мақсатқа жетуде дипломатияның рөлі ерекше.
— Ол үшін дипломатия бар, алдын ала келіссөздер бар. Қазақстанның күші де осында. Еліміздің сыртқы саясаты тәуелсіздік жылдарынан бері сабақтастықпен дамып келеді. Біз халықаралық ұйымдарға кіріп, кейін шығып кететін мемлекеттердің қатарында емеспіз. Қазақстан сыртқы саясатта әрдайым дәйектілік танытып келеді, — деді АӨСШК Бас хатшысы.
Қайрат Сарыбай Қазақстанның халықаралық бастамалары әлемдік деңгейде мойындалғанын да атап өтті.
— Қазақстан өзінің ұстанымдарын Еуразияда, Түркі әлемінде және Азия кеңістігінде нақты істер арқылы дәлелдей білді. Еліміз халықаралық ұйымдар жұмысына белсенді қатысып қана қоймай, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес сияқты маңызды бастамаларды ұсынып, оларды табысты жүзеге асырды, — деп түйіндеді дипломат.
Бұған дейін Қайрат Сарыбай Қазақстанның халықаралық аренадағы бейтараптық ұстанымы жөнінде пікірін білдірген еді.