Қазақстан неліктен +7 телефон кодында қалады

телефон
Фото: Pexels

АСТАНА. KAZINFORM — Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстанның неліктен +997 кодына ауыспағанын түсіндірді. 

ЦДИАӨМ Қазақстан мен Ресей Үкіметтері арасында дүниежүзілік нөмірлеудің 7-ші аймағын бірлесіп пайдалану туралы келісімге қол қою туралы Үкімет қаулысын дайындаған. 

Қазіргі уақытта екі елдің байланыс ведомстволары арасында келісім жасалған.

2021 жылы Қазақстанға жеке код алу мақсатында халықаралық телефон коды +997 резервке қойылды.

Байланыс операторларымен жаңа кодқа көшу мәселесін талқылау барысында жаңа кодқа көшу мүмкін екені, алайда бірқатар қаржылық және технологиялық проблемалар туындайтыны белгілі болды.

Сонымен қатар, отандық байланыс операторларының бүкіл абоненттері мемлекеттік және банк қызметтерін, әлеуметтік желілер мен түрлі қосымшаларды алу үшін өз деректерін жаңартуы қажет болады.

Осыған байланысты көшу кезеңінде ақаулар мен жағымсыз тәжірибенің ықтималдығы жоғары.

«Осыған байланысты азаматтардың ыңғайлылығы үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Халықаралық электр байланысы одағымен қайта келіссөз жүргізіп, +7 халықаралық кодын өзгеріссіз қалдыру жөнінде шешім қабылданды. Ресей Федерациясы Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Үкіметі арасында дүниежүзілік нөмірлеудің 7-ші аймағын пайдалану туралы жаңа Келісімге қол қою мәселесін Ресей Федерациясының Цифрлық даму, байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрлігі қарады» дейді министрліктен. 

Қазіргі уақытта жобаны мақұлдау жөніндегі Ресей Федерациясының нотасы күтіліп отыр. 

Айта кетейік, осыдан үш жыл бұрын сол кездегі министр Бағдат Мусин Қазақстанның +997 телефон кодына өткелі жатқанын жеткізген еді. 

Ол елімізге +997 нөмірін БҰҰ бергенін және ол кодтың Қазақстан үшін неліктен сұралғанын түсіндірді. 

Дегенмен былтыр қарашада Қазақстан +997 кодынан бас тартты.

Сонымен қатар Қазақстан +77 кодын өзіне алу үшін тиісті ведомстволармен келіссөз де жүргізген болатын. 

Соңғы жаңалықтар