Қазақстан оңалтудың әлемдік тәжірибесінен қалыс қалмай, аяғын тең алып келеді - РБОО-ның басқарма төрайымы Ш.Бөлекбаева

ТАНА. 7 қыркүйек. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Оңалту - ел медицинасының даму көрсеткіштерінің бірі. Сондықтан, қазіргі медицинаны оңалтусыз елестету мүмкін емес.

Қазақстан оңалтудың әлемдік тәжірибесінен қалыс қалмай, аяғын тең алып келеді - РБОО-ның басқарма төрайымы Ш.Бөлекбаева

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда 44 574 мүгедек-бала есепте тұр. Соның ішінде 10 мың баланың диагнозы тірек-қимыл аппараты функцияларының бұзылуынан болатын - балалардың церебралды сал ауруы (БЦС). БЦС бөбектердің туа біткен, өте ауыр және жазылмайтын сырқаты саналады. Бірақ қазіргі медицина таңғаларлық нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Үлкен шыдамдылық пен әдістемелік ем-домның арқасында БЦС-ға шалдыққан балаларды қоғамға бейімдеуге, жүруге, сөйлеуге үйретуге болады. Қазақстан балаларын шет ел асырмай, әлемдік медицинаның озық жетістіктерін өз жерінде пайдаланып отырғанына әсте мақтана алады. Елбасының Астана қаласында медициналық кластерді құру тапсырмасы аясында салынған «Республикалық балаларды оңалту орталығы» АҚ (РБОО) бұл бағытта жемісті жұмыс атқарып отырған бірден-бір медициналық мекеме. РБОО-ның қызметі туралы айтып беруді Орталықтың басқарма төрайымы Шолпан Бөлекбаевандан өтіндік.

- Шолпан Әділжанқызы, РБОО жылына канша квота бөліп отыр және ол сауықтыруды қажет ететін балаларды толық қамту үшін жеткілікті ме?

- Дұрыс атап өттіңіз, біздің Орталыққа балалар тек жолдамамен келеді. Жолдаманы өңірлердегі Денсаулық сақтау басқармалары береді. Бөлінетін квоталар саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2008, 2009, 2010 жылдары оларды саны - 2 675 болса, 2011 жылы - 3 900-ды құрады, ал 2012 - 4 200 квота бөлу жоспарланып отыр. Яғни, Орталық ашылғалы бері 10 мыңнан астам балаға оңалту терапияларын жүргізді. Ал квотаға ілікпегендер үшін ақылы ем-домдарымыз бар. Емдеу курсы 25 күнге жалғасады. Кейбір балалар жылына екі рет келеді. Ол құптарлық. Дегенмен, Орталық жұмысының негізгі бағыты - церебралды сал ауруына шалдыққан балалар (БЦС), күтімді және жаттығуларды үнемі қажет етеді. Сондықтан, біз қазір Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, әрбір өңірде осындай Орталықтар ашу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Бірақ олар біздің Орталық сияқты емдеу процедураларын стационарлық негізде емес, тек күндізгі бөлімде жүргізетін болады. Ата-ана баланы таңертең алып келіп, күндіз күні бойы сонда болып, кешке үйіне алып кететіндей. Ата-ананың да қолы босап, жұмысқа шыға алар еді. Ал БЦС-ның қиын дәрежесімен ауыратын балалар үшін орталықта жатып емделетін 30-40 орын әзірлесе жетіп жатыр. БЦС-мен сырқаттанатын балдырғандарды жылына екі рет біздің Орталыққа жіберіп тұрса, ауруханадан шыққаннан кейін біздің жазып берген емдеу жоспарымыз бойынша ем-домдарды өздерінің жергілікті жердегі орталығында жалғастырса жұмысымыз әлдеқайда нәтижелі болар еді. Бұл идеяны өміршең ету жұмыстары жүргізіліп жатыр.

- РБОО мамандарының жұмысы негізінен БЦС-ға бағытталғандығын атап өттіңіз. Басқа қандай диагнозы бар балаларға оңалту жүргізесіздер?

- Орталықтың жұмысы нейроэндокриндік, нейроортопедиялық және психоневрологиялық паталогиялары бар балаларды әлеуметтік бейімсізденуге алып келетін - қозғалу, психоэмоционалдық және сөйлеу қабілеттерінің бұзылуларын кешенді терапиялар арқылы түзеуге бағытталған. Аталған жүйелер жұмысының ақауы көптеген әртүрлі ауруларға алып келеді. Олардың ішінде балалардың церебралды сал ауруы бар. Бұл диагнозбен бізге жолданатындардың саны барлық науқастардың 62 пайызын құрайды. Бірақ бұл Қазақстанда БЦС-мен ауыратын блалардың саны артып отыр дегенді білдірмейді. Жана айтып өткенімдей, Орталық жұмысының бағыты - жүйке жүйесі ауруларына шалдыққан балаларға көмектесу. Қазақстанда БЦС-ға шалдыққан балалардың саны әлемдік орташа статистикадан жоғары емес. Бұл сырқат қай мемлекетте болмасын кездеседі. БЦС өте қиын, күрделі сырқат. Оған шалдыққан бала қоғамға бейімделмеген, өз-өздерін күте алмайды, өз беттерімен қозғалуы қиын, көбісінің сөйлеу мүмкіндіктері нашар дамыған, жалпы орта мектептерге өз беттерімен бара алмайды, жұмысқа орналасулары, жасырын емес - қиынның қияметі. Бұл - әлеуметтік проблема.

Қазір «оңалту» терминін жиі кездестіруге болады. Көптеген жекеменшік орталықтар, қоғамдық бірлестіктер ашылып жатыр. «Оңалту» деп атайды да, оған жиі кездесетін сырқаттармен, сырқаттардың жедел түрімен ауыратын балаларды жатқызады. Ал олар өз беттерімен жүріп-тұра алады, өздерін-өзі күтіп-қызмет көрсете алады, яғни он екі мүшесі сау. Емханаларда емдеуге болатын ондай балаларды біздікіндей Орталыққа жатқызудың қажеті жоқ. Ал БЦС-мен ауыратын балаларды оңалту үшін - логопед, дефектолог, еңбек терапевті, ЛФК және тағы да басқа арнайы мамандар қажет және әр балаға мемлекеттік қазынадан үлкен қаражаттар бөлінеді.

- РБОО-да сауықтырудан өтетін балаларға арнайы мамандар қажеттігін атап өттіңіз. Кадрлар мәселесінде қандай да бір проблемалар бар ма?

- Мен атап өткен мамандар педагогикалық мамандықтарға жатады. Олар бүгінде педагогикалық ЖОО-ларда - Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде даярланады. Соңғы кезде аталмыш факультеттерге түсетіндердің саны азайып барады. Оның себебі маған аян емес. Мүмкін бұл мамандықтарға ЖОО-лар қабылдауды аз жүргізетін шығар, мүмкін ондай маман болуды қазіргі жастар қаламайтын шығар. Ал оқып шыққан мамандар өзге салаға ауысып кетіп жатады. Диплом алып шыққан мамандарды, алдымен, өзіміздің Орталықта 1, 2 айлық курстардан өткіземіз. Жалпы қандай мекемеде болмасын кадрлар еш уақытта 100 пайызға толық тұрақтанбайды. Орталықта кадрлардың 65 пайызы тұрақтанған деп айта аламын. Жасыратыны жоқ, кейбір дәрігерлердің, логопед, дефектолог, еңбек терапевті, және тағы басқа арнайы мамандардың, орта медициналық қызметкерлердің аздаған тапшылығы бар.

- Балада церебралды сал ауруының өршуін тоқтатуға болады ма?

- Бұл өте қиын ауру екендігін атап өттім. Дәрігерлер бұл диагнозды бала 1 жастан асқан кезде ғана қоя алады. Бірақ кейбір жағдайларда бұл аурудың белгілері 1 жасқа дейін-ақ көрініп тұрады. Сырқаты бар-жоғына қарамастан әр бала 1 айлығынан бастап невропатологтың жіті бақылауында болады. Біз бұрын, невропатологтарды перзентханаларға енгізу мәселесін көтерген болатынбыз. Мамандардың тапшылығына байланысты ұсынысымыз жүзеге аспады.

БЦС-ның әртүрлі формасы және онымен бірге, бірнеше дәрежесі бар - жеңіл, орташа, қиын. Жеңіл және орташа дәрежедегі науқастар Орталықтан жақсы нәтижемен шығып жатады. Ал қиын түрлерінде нәтиженің бірден болуы екі талай, әрі ем-дом ұзаққа созылады. Бірақ ата-аналарға үміттерін үзбей, әрекет ете беру қажеттігін айтқым келеді. Мамандармен тығыз байланыста болып, жұмыла жұмыс істеу керек. Мәселен, үйде баланы өздігімен әрекет етуге дағдыландыратын әдістемелерді, дене шынықтыру жаттығуларын жасау қажет. Бала жағалап жүру үшін қабырғаға сүйеніштер орнатуға болады. Аяқтарын баса алмайтын балаларды міндетті түрде, күнде екі-үш сағатқа тұрғызып қою керек. Ол қалай жасалады? Қабырғаға баспалдақты қағып, оған баланы иығынан, белінен, аяғынан байлап қояды. Сонда дененің салмағы аяғына түседі де, бала өз бетімен тұрғанын сезіне бастайды. Шет елдерде вертикализатор, позиционер деп аталатын арнайы тренажерлар сатылады. Бізде ондай тренажерларды шығаратын зауыттар жоқ, дүкендерде де сатылмайды. Кейбір ата-аналар шет елдерден әкеліп жатады. Бірақ оларды өз қолдарымен жасап алуға әбден болады.

Ал кейбір балалар жүрмек түгілі өздігімен бастарын ұстай алмайды, отыра да алмайды. Оларды алдымен, басын ұстауға, одан кейін отыруға, еңбектеуге, тұруға және содан кейін ғана барып жүруге үйрету керек. Кейбір ата-аналар осы кезеңдерді сақтамай, басын ұстап, отыра алмайтын баланы қолдарынан жетектей жөнеледі. Ол әдіспен бала ешқашан жүрмейді. Бұл сырқаттың ерекшелігі де сол, бала міндетті түрде әр кезеңнен өтуі керек.

- Балаларды оңалту үшін қандай емдік шараларды, процедураларды қолданасыздар?

- Оларды айтпастан бұрын, «оңалту» термині негізінен үш аспектіден қосылатынын атап өту керек. Олар - медициналық, педагогикалық және әлеуметтік. Медициналық аспекті туралы айтатын болсам, оларға электропроцедуралар, балшықпен, инемен, дене шынықтырумен, парафинмен, шөп-дәрі ванналарымен және түрлі дәрілермен емдеу, физио-емдер, бассейндегі емдер, ваннаның ішінде жасалатын массаждар және тағы басқалар жатады.

Педагогикалыққа - мектеп жатады. Балалар Орталықта 25 күн жатып емделетінін айттым. Олар сабақ бағдарламасынан қалмау керектігі туралы Үкіметің арнайы Қаулысы бар. Сабақтарымыз жалпы орта білім беру бағдарламасы, коррекциялық және қосымша бағдарламалар бойынша өткізіледі. Дефектологтар, логопедтер, арнайы жабдықталған кабинеттерінде бетке, тілге жаттығулар, массаждар жасайды. Психологтарымыз балаға істей алмайтын қимылдарды ойын терапиялары арқылы жасап үйретеді. Ән терапиясының да өте көп пайдасы бар. Оған көп мән бере берілмейді. Біз жаттығулар үшін көбіне көңіл көтеретін, жоғары ырғақты музыкаларды қолданамыз. Балалар қалай билеп кеткенін, жаттығуларды қалай жасап жібергенін өздері де байқамай қалады. Оңалтуға шығармашылық жағынан келу керек. Балаға «мынаны істе!»,- деп салқындықпен, парықсыз айта салуға болмайды.

Әлеуметтік немесе еңбек терапиясы бұрыннан келе жатқан ем. Бізде еңбек терапиясына 1 жастағы балалар қатысады. Одан жоғары жастағы балалар сурет салып, апликациялар жасайды, моншақтардан түрлі бұйымдар, заттар жасап шығарады. Заттардың көз жауын аларлығы соншалық, ата-аналардың өздері оларды қолдарының мүмкіндігі шектеулі - өз балалары жасап шығарғанына таңғалады. Бойларына эстетикалық тәрбиені сіңіру үшін шаштаразымыз бар. Шаштаразда уақыттарын өткізуге әсіресе, қыздар құмар. Одан бөлек, біз аптасына бірнеше рет түрлі концерттер, көңілділер мен тапқырлар сайысын өткізіп, спектакльдер қойып тұрамыз. Арнайы киім бөлмемізде оларға қажетті барлық киімдер бар. Бала белгіленген кесте бойынша сонда келіп, жарты сағат өзін-өзі дайындайды. Қолдарының икемін келтіріп, түймелер мен сылдырма ілгектерді ағытады, шешініп-киінеді, әрленеді. Ата-аналар үйде болсын, Орталықта процедураларға барғанда болсын үнемі асығып жүреді де шыдамай, балаларды жылдамдатып өздері киіндіре салады. Бала Республикалық балаларды оңалту орталығынан өзін киіндіре алатындай жағдайда шықса, біз үшін бұл жетістік, ал ата-ана үшін үлкен көмек деп білеміз.

Онымен бірге, Орталықта қол-аяқтары дұрыс қалыпты қабылдай алмайтын, денелерін ұстай алмайтын балаларға арнап ұлтарақтар, денені ұстайтын карсеттер және тағы басқаларды жасап шығаратын ортезді зауыт бар. Олар әрбір балаға жеке, өлшем бойынша жасалады. Қазіргі заманғы оңалтуды ортезсіз елестету қиын. Алматыда Оңалту орталығында жұмыс істеген кезімде сауықтыруға қажетті не керектің бәрі болатын. Мен Орталықтың жабдықталуын жоғары бағалайтынмын. Бір ғана кемшілігіміз - ортез болмайтын. Бірде медициналық мекемемізге шетелдіктер келіп: «Ортездеріңіз бар ма?», - деп сұрады. «Жоқ!», - дегенді естіп, «Сіз онда қандай оңалту туралы айтып отырсыз?!», - дегені бар. Бұдан кейін, Алматыда ортез жасауға бел буып, Сара Алпысқызының көмегімен цех аштық. Астанада Республикалық балаларды оңалту орталығы ашылғаннан кейін ол цехымыз зауытқа айналды. Енді мен кез-келген шет ел маманына ортезді зауытымыз туралы ауыз толытыра айтып, мақтанышпен көрсетемін. Олар Қазақстанның медицинасы қысқа уақыт ішінде қарқынмен дамып кеткеніне сене алмайды.

Сондай-ақ, соңғы он жылда оңалту терапиясына Швейцариядан бастау алып, робототехнологиялар қарқынмен енгізіле бастады. Біздің Орталық былтыр сондай екі роботты сатып алды. Біреуін грант бойынша жеңіп алған қаражатқа, екіншісін өз қаржымыз есебінен алдық. Роботтар өздігімен қозғала алмайтын адамды мәжбүрлі түрде қимылдатып, жаттығу жасатады.

Биыл мен Германияның Цюрих қаласында өткен Дүниежүзілік конгреске қатыстым. Жер жүзінен 900 адам қатысқан конгрес барысында оңалтудың үш бағыты туралы айтылды. Оның бір бағыты - компьютерлік технологиялар, яғни виртуалды ойындар арқылы бұлшық етті шынықтыру. Айтып өткенімдей, оны біз жетістікті пайдаланып отырмыз. Үш биологиялық кері байланыс кабинетінде үш ойын аппараты орнатылған. Екіншісі - робототехнология, ол да бізде бар. Үшінші бағыт, жана айтып өткен - ортездер, олар бізде көптен бері қолданылады. Сондықтан, Орталықта қажетті озық инновациялық технологиялардың барлығы енгізілген деп толық сеніммен айта аламын.

- Бала сауығып кету үшін Қазақстанда, нақты айтқанда өзіңіз басқарып отырған РБОО-да заманауи әдіс-тәсілдер қолданылатынын атап өттіңіз. Бірақ, бұл салада әлі де болса шешімін таппай отырған, әттеген-ай дейтін тұстар бар ма?

- Әрине, баланы оңалтуға қажетті РБОО-дағы сияқты жағдай Қазақстанның барлық өңірінде жасалған деп айтуға болмайды. Жетіспеушіліктер әлі де көп. Біз республикалық орталық болғаннан кейін әлемдегі озық оңалту терапияларынан қалыс қалмай, аяғымызды тең алып келеміз. Осындай орталықтар Қазақстанның жер-жерінде болса, әрине, балаларымыздың денсаулық жағдай одан сайын жақсара түсер еді. Өңірлерде мамандардың, заманауи құрал-жабдықтардың, технологиялардың тапшылығы бар. Онымен бірге, Қазақстанда осы салада істейтін мамандардың түйіткілдерді еңсеруде, әдіс-тәсілдерді ендіру мен қолдануда бір көрініс болу керек. Біреуіміз оңға біреуіміз солға, біреуіміз артқа тартып жатсақ қазақстандық медицинаның дамуы үшін игі болмайды.

- Сұхбатыңызға рахмет!