16:56, 03 Қыркүйек 2010 | GMT +5
«Қазақстан Орал» телеарнасының хабар тарату аумағы кеңейді
ОРАЛ. Қыркүйектің 3-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - «Қазақстан» РТРК» АҚ БҚО филиалы қыркүйектің 1-інен бастап облыс аумағына телехабарларды толық таратуды бастады.
Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің бастамасымен және нақты қолдауымен жүзеге асырылып отырған жобаға өңір бюджетінен 110 млн. теңге бөлініп, аудан орталықтары мен ірі елді мекендерге телехабарларды қабылдау-тарату қондырғыларын орнату жоспарланған болатын.
Қазір Қаратөбе, Переметный және Жәнібек ауылдарының тұрғындары «Қазақстан Орал» телеарнасының 14 сағаттық толық бағдарламасын тестілік жүйеде көруде. Шыңғырлау мен Тасқала қыркүйектің 6-сынан осы жүйеге қосылса, қалған сегіз елді мекен де қыркүйектің 20-сына дейін бұған қол жеткізбек.
Жоба нәтижесінде облыс халқының 74 пайызы өңір жаңалықтарымен теледидар арқылы жедел танысып отырмақ.