Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі полимер өндіруші елге айналады — Олжас Бектенов
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның болашағы технологиялық өрлеумен байланысты. Бұл туралы Kazakhstan Energy Week — 2025 және XVI Еуразиялық KAZENERGY форумында Үкімет басшысы Олжас Бектенов мәлім етті.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Қазақстан энергетикалық қауіпсіздікті нығайтып, энергиямен өзін-өзі толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жетуді мақсат етіп отыр. Осы бағытта халықаралық әріптестермен бірге көптеген ірі жобалар іске асырылуда. Бұл орайда ең ірі корпорациялар мен сарапшылар қауымының басын қосқан KAZENERGY форумы 16 жылдан бері маңызды әрі тиімді алаңға айналды. Қауымдастықтың мерейлі жылында форум алғаш рет Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Араб мемлекеттері лигасы елдерін біріктіріп отыр. Бүгінде жаһандық энергетикадағы түбегейлі өзгерістер жағдайында және ең ірі державалар арасында өзара келісім мен тұрақтылықты ілгерілетуде «орта» державалардың рөлі артып келеді. Қазақстан ашықтық пен технологиялық жаңғыру қағидаттарын берік ұстанады. Мемлекет басшысы жүргізіліп жатқан жұмыстың барлығы еліміздің тікелей шетел инвестициясына тартымдылығын арттыруға бағытталып отырғанын баса айтты, — деді Олжас Бектенов.
Осы орайда ол ҚР Үкіметі бизнесті тұрақты энергетикалық болашақты бірлесіп дамытуға шақыратынын атап өтті. Жобаларды табысты жүзеге асыру үшін Қазақстанда қажетті жағдайдың барлығы жасалған.
— Бізде бай табиғи ресурстар мен стратегиялық минералдар, Еуропа мен Азияны жалғайтын көлік-логистикалық дәліздер, білікті жұмыс күші бар. Қазақстанның мұнай-газ секторы бүгінде экспорттық-шикізат үлгісінен кешенді өңдеу жүйесіне бет бұрған жоғары технологиялық кластерге айналды. Қазақстанның болашағы технологиялық өрлеумен байланысты. Бұл ретте қазірдің өзінде нақты нәтижелерді атап көрсетуге болады. Мұнай-газ химиясында жалпы қуаты 500 мың тонна болатын полипропилен зауыты іске қосылды. Сондай-ақ жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін жоба жүзеге асырылып жатыр. Ол Қазақстанды Орталық Азиядағы ең ірі полимер өндіруші елге айналдырады. Бұдан бөлек бутадиен, карбамид өндіру жобалары қолға алынды. 2030-шы жылға дейін жалпы құны 15 млрд АҚШ долларынан асатын алты жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл мұнай-газ химиясы өндірісінің көлемін ұлғайтып, ондаған мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, — деді Үкімет басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Kazakhstan Energy Week — 2025 және XVI Еуразиялық KAZENERGY форумында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов компания үшін аса маңызды бағыттарды атады.