Қазақстан Орталық Азиядағы негізгі азық-түлік өндірушіге айнала алады
АСТАНА. KAZINFORM – Коронавирус індеті, әлемдік экономиканың құлдырауы, климаттың өзгеруі мен арта түскен геосаяси турбуленттілік сияқты жаһандық аумалы-төкпелі кезең жағдайында Орталық Азия елдері үшін азық-түлік қауіпсіздігі маңызды әрі өзекті мәселе болып қала бермек. ЕАЭО-ның 5 елін, сондай-ақ Тәжікстан мен Өзбекстанды қамтитын Еуразиялық өңірдің өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі 80-95 пайыздан асады. Азық-түлік қауіпсіздігі дегеніміз не және оны өңірде қамтамасыз ету жағдайы қалай қалыптасып жатыр? Бұл жайында Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Гүлмира Әбдірахманованың материалынан оқыңыздар.
Азық-түлік қауіпсіздігі дегеніміз не?
1996 жылы Дүниежүзілік азық-түлік саммитінде «азық-түлік қауіпсіздігі кез келген уақытта барлық адам белсенді және салауатты өмір салтын ұстану үшін олардың тағамдық қажеттіліктері мен қалауларын қанағаттандыруға жеткілікті қауіпсіз және құнарлы тағамға физикалық әрі экономикалық қол жеткізе алатын кезде болады» деген анықтама қабылданған-ды.
Еуразиялық даму банкінің (ЕАДБ) сараптамалық баяндамасында атап өтілгендей, физикалық қолжетімділік ішкі өндіріске және азық-түлік импортының мүмкіндігіне байланысты. Ішкі өндіріс елдің негізгі азық-түлік өнімдерін өндірудегі салыстырмалы артықшылықтарымен, сол өндірістің тиімділігімен анықталады. Бұл ретте, қазіргі әлемде азық-түлік фермадағы немесе алқаптағы ғана өнім емес екендігі жиі ескеріле бермейді. Ол жерде тек шикізат қана бар. Азық-түлік тауарларының түпкілікті бағасындағы ауыл шаруашылығының үлесі төмендейді — бұл бағаның негізгі бөлігі өңдеу, орау, сақтау, тасымалдау және сауда салаларында қалыптасады. Сондықтан, егер ел аграрлық өнімнің едәуір көлемін дербес өндіре алса да, бірақ жеткілікті дамыған нарықтық инфрақұрылымы болмаса да, азық-түліктің физикалық қол жетімділігі қалай десек те төмен болары анық.
Ұлттық тұжырымдамалар
Орталық Азия елдерінде ұлттық деңгейде әзірленген азық-түлік қауіпсіздігі тұжырымдамалары негізгі анықтамалар мен мақсатты бағдарлардағы кейбір айырмашылықтарға қарамастан, жалпы ұқсас.
Қазақстандағы азық-түлік қауіпсіздігі экономикалық қауіпсіздік элементтерінің бірі саналады һәм мемлекет тұтынудың физиологиялық нормалары мен демографиялық өсуді қанағаттандыру үшін жеткілікті сапалы әрі қауіпсіз азық-түлік тауарларының халыққа физикалық және экономикалық қолжетімділігін қамтамасыз етуге қабілетті экономиканың қорғалу жай-күйін болжайды. Азық-түлік тәуелсіздігі елдің азық-түлік қауіпсіздігін анықтауға тікелей енгізілмейді, бірақ оның экономикалық қауіпсіздігіне қол жеткізудің негізгі шарты ретінде қарастырылады. Егер негізгі азық-түлік тауарларының жылдық өндірісі тұтынудың физиологиялық нормаларына сәйкес халықтың жылдық қажеттілігінің 80 пайыздан азын құраса, онда азық-түлік тәуелсіздігі қамтамасыз етілмеген болып саналады.

Қырғызстанда қабылданған азық-түлік қауіпсіздігі тұжырымдамасы азық-түлікті тұтынудың белгіленген ең төменгі нормаларына сәйкес халық үшін азық-түліктің физикалық және экономикалық қолжетімділігімен қатар елдің азық-түлік тәуелсіздігін қамтамасыз етуді көздейді. Елдің азық-түлікті импорттық жеткізуден тәуелсіздігінің шарты олардың тұтынудағы төмен үлес салмағы саналады. Азық-түлік тәуелсіздігінің шекті мәні 80 пайызды құрайды.
Тәжікстанда азық-түлік қауіпсіздігі «мемлекеттің халықтың қалыпты тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін деңгейде азық-түлікке деген қажеттілікті қанағаттандыруға кепілдік беру қабілеті» ретінде айқындалады. Бұл міндетті шешу халықтың азық-түлікке қажетті мөлшерде және түрінде физикалық және экономикалық қолжетімділігін қамтамасыз етуді талап етеді». Елдің 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған ұлттық даму стратегиясында азық-түлік қауіпсіздігін және халықтың сапалы тамақтануға қол жеткізуін қамтамасыз ету стратегиялық мақсаттардың бірі ретінде қарастырылған. Стратегия 2030 жылға қарай азық-түлікпен өзін-өзі қамтамасыз етуді 70 пайызға дейін арттыруды және халықтың тамақтануға жұмсайтын шығыстарының үлесін жалпы табыстың 40 пайызына дейін төмендетуді көздейді.
Өзбекстанның нормативтік-құқықтық базасында «азық-түлік қауіпсіздігі» ұғымының нақты анықтамасы жоқ. 2019 жылы Экономика министрлігі «Азық-түлік қауіпсіздігі туралы» заң жобасын (бірақ әлі қабылданған жоқ — ред. ескертпесі) әзірлеп, қоғамдық талқылаудан өткізді. Осы жобаға сәйкес азық-түлік қауіпсіздігі елдің азық-түлік тәуелсіздігін қамтамасыз етілетін және адамдардың салауатты және белсенді өмір салтын ұстану үшін олардың тағамдық қажеттіліктері мен қалауларын қанағаттандыруға мүмкіндік беретін жеткілікті қауіпсіз және сапалы тағамға тұрақты физикалық және экономикалық қолжетімділігіке кепілдік беретін экономика жағдайы ретінде анықталды. Егер елдегі өмірлік маңызды азық-түлік өнімдерінің жылдық өндірісі тамақтанудың физиологиялық нормаларына сәйкес халықтың жылдық қажеттілігінің кемінде 80 пайызын құраса, онда азық-түлік тәуелсіздігі қамтамасыз етілген болып саналады. Өзбекстанда азық түлік қауіпсіздігі стратегиялық қауіпсіздіктің бірі болып танылған.
Аймақ елдері өздерін қандай өнімдермен қамтамасыз етеді?
ЕАДБ-ның соңғы мәліметтеріне қарағанда, азық-түлік қауіпсіздігі себетінің негізін құрайтын азық-түлік өнімдерінің ресурстары мен пайдалану балансын талдау ОА елдерінде көптеген өнімдер бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету «азық-түлік тәуелсіздігі» ұғымын анықтау үшін аймақ елдерінде белгіленген 80-95 пайыз деңгейден асатынын көрсетеді. Сонымен қатар, оңтүстік елдер жылы климаты бар дәстүрлі жемістер мен көкөністерді өндіруге қатысты ең жақсы көрсеткіштерді көрсетеді. Алайда, Қырғызстанда, Тәжікстанда және Өзбекстанда өсімдік майлары, астық және қант бойынша өзін-өзі қамтамасыз етудің жеткіліксіз деңгейі байқалады. Қазақстанда қанттың, сондай-ақ жемістер мен жидектердің ішкі өндірісінің жеткіліксіз деңгейі атап өтіледі.
Өңір елдері арасындағы елеулі айырмашылық тек өндірісте ғана емес, сонымен қатар азық-түлікті тұтынуға қатысты да сақталып отыр. Энергетикалық құндылығы бойынша ОА елдеріндегі тағамның орташа құндылығы да ерекшеленеді: FAO деректеріне сәйкес, Қырғызстан мен Тәжікстанда бұл көрсеткіш төмен, ал Қазақстан мен Өзбекстанда ол тәулігіне 2800 ккал деңгейінен асады.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ілгерілеушілікке қарамастан, экономиканың едәуір қарапайым мөлшеріне ие Қырғызстан мен Тәжікстан азық-түлік импортына тәуелділікті сақтап отыр және азық-түлік өнімдерінің нетто-импорттаушылары саналады. ОА елдері арасында Қазақстан энергетикалық құндылыққа қайта есептегенде жалғыз таза экспорттаушы болып отыр. Нәтижесінде, соңғы жылдары Орталық Азия жалпы азық-түлік тапшылығы бар аймақ саналады. Сонымен қатар, барлық елде негізгі қоректік элементтер бойынша тағам құнарлығының теңгерімсіздігі сақталып отыр — өсімдік тектес арзан өнімдер басым.
Азық-түліктің кейбір түрлері бойынша жан басына шаққандағы орташа тұтыну ОА елдерінде қабылданған нормативтерден төмен, атап айтқанда:
Қазақстан үшін — сүт және ет өнімдері, жұмыртқа, жеміс-жидектер, көкөністер, нан өнімдері бойынша;
Қырғызстан үшін — ет және балық өнімдері, жұмыртқа, өсімдік майы бойынша; Тәжікстан үшін — сүт және ет өнімдері, жемістер мен жидектер, картоп, өсімдік майы бойынша.
Климат өзгеруінің ауыл шаруашылығына әсері
Орталық Азия климаттың өзгеруіне ең осал аймақтардың қатарына кіреді. Бұл аймақта температура ғаламшардағы орташа деңгейден жылдам өседі. Соңғы 30 жылда орташа жылдық температура Цельсий бағаны бойынша 0,5 градусқа көтерілді және 2085 жылға қарай 2,0-5,7 градусқа артады деп болжанады. Төтенше ауа райы құбылыстары мен апаттардың жиілігі әрі жылдамдығының артуы, ең алдымен, аграрлық өндіріске, азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелерін шешуге қауіп төндіреді. Осы жайт соңғы 50 жылда көлемінің қысқаруы 30 пайызға жуықтаған мұздықтар аумағының қысқаруына әкеледі. Бұл өзен ағынының ықтимал төмендеуіне түрткі болып, аймақтың ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Топырақтың кебуі егін өнімділігінің 30-50 пайыз төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Қырғыз мал шаруашылығы және жайылым ғылыми-зерттеу институты жайылым және жем-шөп бөлімінің меңгерушісі Наталья Килязованың айтуынша, жаһандық жылыну ауыл шаруашылығына бірнеше аспектіде әсер етеді.
«Біріншіден, температураның жоғарылауы климаттық аймақтардың өзгеруіне әкеледі. Бұл өсіретін дақылдарды таңдауға ықпал етеді. Көптеген өсімдіктің қалыпты өнуі үшін белгілі бір температуралық талап бар және климаттың өзгеруі оларды өсіру мүмкіндіктерін шектеуі ықтимал. Екіншіден, климаттың өзгеруі жауын-шашынның таралуына әсер етеді. Жауын-шашынның көбеюі немесе керісінше азаюы ауыл шаруашылығы жерлеріне айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Жауын-шашынның жеткіліксіздігі құрғақшылықты тудырады, бұл өз кезегінде егіннің толық жоғалуына әкеледі. Екінші жағынан, жауын-шашынның көп болуы су тасқыны немесе топырақ эрозиясы сияқты мәселелерге әкелуі мүмкін. Үшіншіден, температура режимінің өзгеруі белгілі бір зиянкестердің көбеюіне және таралуына ықпал етеді», — деді Наталья Килязова.
Жалпы, сарапшы жалпы климаттың өзгеруі ауыл шаруашылығына үлкен әсер етеді деп санайды. Сондықтан аумалы-төкпелі климаттық жағдайларға төзімділік пен бейімделу ауыл шаруашылығы өндірісі үшін маңызды бола бастады.
Қазақстан азық түліктің негізгі өндірушісі болады
Сарапшылардың болжамынша, 2035 жылға дейінгі кезеңде астық өндірісін ұлғайту есебінен Қазақстан артық азық-түлік өнімдерінің негізгі өндірушісіне айналады. Өңірдің қалған елдерінің әлеуеті жер және су ресурстарының тапшылығымен, сондай-ақ неғұрлым күрделі жалпы экономикалық жағдаймен айтарлықтай шектеледі. Нәтижесінде бұл елдер қажетті азық-түлік түрлерінің барған сайын үлкен көлемін импорттауға мәжбүр болады.
ЕАДБ болжамына сәйкес, 2035 жылға дейінгі ұзақ мерзімді келешекте ОА елдеріндегі азық-түлікпен өзін-өзі қамтамасыз ету жағдайы айтарлықтай өзгермейді. Кейбір елдерде тіпті оның нашарлауы аймақтың тежеуші факторлары мен ерекшеліктерінің әсерінен болуы мүмкін. ОА-да ауыл шаруашылығының дамуы тың жерлерді игерудің шектеулі әлеуетімен, су ресурстарының тапшылығымен, технологиялық прогрестің тежелген динамикасымен қатар жүреді.
Бұл ретте жоғары демографиялық өсім ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйіне үнемі күшейе түсетін қысым көрсетеді. 2035 жылға қарай өңірдегі азық-түлік дербестігі Қазақстанда бекітілген мемлекеттік бағдарламаның табысты іске асырылуы жағдайында ғана қамтамасыз етілуі мүмкін. Еліміз ауыл шаруашылығы өнімдерінің энергетикалық құндылығына қарай азық-түлікпен қамтамасыз етуді 127-143 пайызға дейін арттыра алады және азық-түлік өнімдерін нетто-экспорттаушы ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндігі бар. Қырғызстан (76-89%) және Өзбекстан (69-83%) ұлттық бағдарламаларын іске асырған жағдайда біршама жақсартады. Тәжікстанда азық-түлікпен қамтамасыз ету нашарлайды (53%).
Британдық «The Economist» агенттігі құрастырған Азық-түлік қауіпсіздігінің соңғы жаһандық индексіне (GFSI) сәйкес, 2022 жылдың қорытындысында Қазақстан әлемнің 113 мемлекетінің ішінен 32 орынды (2021 жылы — 41), Өзбекстан — 73 (2021 жылы — 78), Тәжікстан 75-орынды (2021 жылы-83) иеленді.
Қазақстандағы АӨК-ні қолдау
2023 жылы Қазақстанда Үкімет АӨК-ті дамытуға және қолдауға 1,2 трлн теңге бөлді. Мәселен, агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға барлық көзден шамамен 500 млрд теңге бөлінді, АӨК субъектілерін кредиттеуге 461,6 млрд теңге бағытталды. Елде фермерлер үшін тегін және барлық мемлекеттік деректер базасымен интеграцияланған субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі енгізілді. Оның аясында шағын және орта шаруашылықтардың субсидияларға қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін «күту парағы» енгізілді. Алғаш рет субсидиялаудың жалпы қағидаларына фермерлік жылыжайларға маусымаралық кезеңде жабық топырақта көкөніс өсіру кезінде электр энергиясына, газға және көмірге арналған шығыстарды субсидиялауға үміткер болуға мүмкіндік беретін норма енгізілді.
Сонымен қатар, өңірлерде СҚО-ның АӨК саласындағы ірі өнеркәсіптік жобаларды іске асыру бойынша табысты тәжірибесін таратуға бағытталған үлкен жұмыс басталды. Тетік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы 2,5 пайыз жеңілдікпен кредиттеуді қамтиды. 100 млрд теңге сомасына 65 сүт-тауар фермасын қаржыландыру басталды, бұл жылына 373 мың тонна сүттің қосымша өндірісін қамтамасыз етеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен республикада ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жолымен ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасын жан-жақты іске асыру басталды. 2024 жылы бұл мақсатқа 100 млрд теңге бөлінді.
Пайдаланылмаған және заң бұзушылықпен берілген ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару жұмысы жалғасуда. 2024 жылдың басынан бері қайтарылуы жоспарланған 2 млн гектар ауыл шаруашылығы жерінің 1,15 млн гектары мемлекет меншігіне өтті. Жайылымдардың жетіспеушілігі мәселесінің өзектілігін ескере отырып, қайтарылған жерлер тиісті елді мекендердегі мұқтаж аграрларға бекіту арқылы басым тәртіппен жіберіледі.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында салаға инвестиция ағыны артып келеді. 6 айдың қорытындысында ауыл шаруашылығы саласына 410 млрд теңге инвестиция тартылды. Осы жылға жоспарланған көлем 1,7 трлн теңгені құрайды. 2024 жылдың басынан бастап отандық АӨК-те 30 млрд теңгеден астам сомаға 50-ден астам инвестициялық жоба іске қосылды.
Үкімет қайта өңделген өнімнің үлесін өндірілетін шикізаттың 70 пайызыгна дейін жеткізу үшін 2028 жылға дейін қайта өңдеуді дамытудың кешенді жоспарын мақұлдады. Оны іске асыруға 372 млрд теңге бөлу жоспарланған. Оның 150 млрд теңгесі инвестицияларға және 222 млрд теңгесі айналым қаражатына жұмсалады.

ЕАДБ сарапшыларының пафымынша, ұлттық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету Орталық Азия елдерінің агроазық-түлік саясатының басты басымдығы болуға тиіс және болып та қала бермек. Аграрлық экспортты ұлғайту тек қосымша міндет ретінде қарастырылуы мүмкін. Оны шешу азық-түлік қауіпсіздігіне зиян келтірместен қолда бар ресурстық әлеуетті едәуір дәрежеде іске асыруға мүмкіндік береді және ауылдық жерлердегі жалпы экономикалық динамика мен әлеуметтік-экономикалық жағдайға оң әсер етеді.
Құрғақ климаты бар өңір елдері үшін перспективалық дамудың маңызды факторы ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі мен мал өнімділігінің айтарлықтай төмендеуіне әкеп соғуы мүмкін климаттық өзгерістер болады. Бұл өзгерістерге бейімделу саясаты, атап айтқанда мелиорацияны дамыту және ылғал үнемдейтін технологияларды енгізу үлкен маңызға ие.
Азия даму банкі сарапшылары атап өткендей, Орталық Азия елдері азық-түлік қауіпсіздігі саласында елеулі проблемаларға тап болады. Бірақ Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастық бағдарламасының мүшелері мақұлдаған ынтымақтастықтың жаңа құрылымы аясында бірлесіп жұмыс істеу арқылы шешуге болатын үш негізгі бағыт бар: ауыл шаруашылығындағы озық тәжірибемен, біліммен және ғылыми зерттеулермен алмасу арқылы ұзақ мерзімді шешімдерді іздеу үшін үлкен әлеует; азық-түлік өнімдерінің өндірістік-өткізу тізбегін дамыту үшін бірлескен жұмыс; азық-түлік қауіпсіздігі жүйесін жетілдіру арқылы сауданы кеңейту. Бұл мәселелерді шешу өңір елдерінің тамақ өнеркәсібіне тікелей шетелдік инвестицияларды тартуына мүмкіндік береді. Ал ол ұсынысты ұлғайтуға, елдердің азық-түлік қажеттіліктерін қанағаттандыруға және олардың өнімдерін Орталық Азиядан тыс жерлерде өткізу нарықтарын кеңейтуге септігін тигізеді.
Сарапшылардың көпшілігі өңір елдері аймақтық ынтымақтастықты арттыру аясында кешенді түрде азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін шешуі қажет деп санайды. Елдер бір-бірімен ынтымақтасып, ондаған келісімге қол қойғанына қарамастан, жүктердің транзиті, өнеркәсіптік өндіріс, энергетика және басқа да мәселелерде кооперацияны күшейтуі қажет. Бұл өңір елдерін, оның ішінде азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерінде де мықты қыла түседі.