Қазақстан Орталық Азиядағы нағыз ішімдікке құмар ел болып отыр
АСТАНА. 30 қаңтар. ҚазАқпарат -Қазақстан спирт ішімдіктерін тұтанытан елдер арасында 34-орында тұр және Орталық Азиядағы нағыз ішімдікке құмар ел болып табылады.
Бүгін Парламент Мәжілісінде елімізде алкогольді тұтыну күрт өсіп бара жатқанына алаңдушылық білдіріп, бір топ депутаттар атынан Үкімет басшысына сауал жолдаған депутат Ерген Дошаев осылай мәлім етті.
Депутаттың айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бүкіл жер шарында спирт ішімдіктерін тұтыну деңгейін айқындау үшін 188 елде арнайы мониторинг жүргізеді. 2011 жылғы рейтингте Қазақстан 34-орында тұр.
«Бұл - еліміздің әрбір азаматы жылына 11 литрге жуық таза этил спиртін немесе жарты литрлік арақтың 50 бөтелкесін тұтынады деген сөз. Соның нәтижесінде Қазақстан бүгінгі күні Орталық Азияда нағыз ішімдікке құмар ел болып табылады. Мысал үшін айтатын болсақ, жоғарыда аталған рейтингте Қырғызстан - 106-шы, Түркіменстан - 114-ші, Өзбекстан - 131-ші, ал Тәжікстан 134-ші орында тұр. Тіпті, бір жарым миллиард халқы бар көршілес Қытайдың өзі 95-ші орында тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықтың жан басына шаққанда алкоголь тұтынуының шекті деңгейін де есептеген. Ол жылына 8 литрден аспауға тиіс. Одан артық тұтыну ұлттың азып-тозуына, тіпті құрып кетуіне әкеп соғады», - дейді Е. Дошаев.
Бұл ретте депутат әлеуметтік кесірлі құбылыстың ауыр салдарына бірқатар мысалдырды да алға тартты. Мәселен, оның айтуынша, соңғы бес жылда елімізде алкогольдік мас күйде жасаған қылмыс саны екі еседен астам өсіп, 13 мыңнан астам фактіні құрады. Осы уақыт ішінде мас қылмыскердің қолынан 3172 қазақстандық қаза тапқан.
«Мас күйдегі жүргізушілер де жүгенсіздік танытуда, соңғы бес жылда осындай 330 мың жүргізуші ұсталған. Олар 1814 жол-көлік оқиғасын жасап, соның салдарынан 494 адам қаза тапқан, 2,5 мың адам әртүрлі жарақат алған. Маскүнемдік көптеген өрттің шығуына да себеп болды. Соңғы бес жылда 1275 азамат мас күйде осындай өрт салдарынан қаза тапқан», - дейді депутат.
Бұдан бөлек, алкоголь тұтынудың күрт өсуі, елдегі демографиялық жағдайға және жалпы экономиканың дамуы мен әлеуметтік өмірге де өз кесірін тигізеді. «Алкоголизмнің себебінен жаппай жұмыс орнын тастап кету, өндірістің тоқтап қалуы және басқа да келеңсіз факторлар салдарынан келтірілген орасан зор залалды есептеп шығу тіпті мүмкін емес», - деді ол.