Қазақстан отандық жаңашылдарға гранттар бөледі

АСТАНА. Мамырдың 27-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Еліміздегі бизнес ортаның белсенділігін көтеру мақсатында биыл жалпы сомасы 1,5 млрд. теңге болатын инновациялық гранттар бөлінеді. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында «Инжиниринг және технологиялар трансферті» АҚ Басқарма төрағасы Саят Нүсіпов мәлім етті,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған гранттар инновациялық жобалардың техникалық-экономикалық негіздемесін жасауға, тәжірибе-конструкторлық жұмыстарды атқаруға, қолданбалы зерттеулерді жүргізуге, зияткерлік меншік құқығын рәсімдеуге, оны шетелде қорғауға және озық технологияларды игеруге беріледі.

«Гранттардың 2010 жылға арналған сомасы 1,5 млрд теңге. Ілкі бағдарлама елде кең өріс алып, өзінің қажеттілігін айқындайтын болса, бұл қаражаттың көлемі ұлғая беретін болады», деп атап көрсетті С. Нүсіпов.

Оның айтуынша, Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасы аясында қарастырылып отырған бұл гранттар тек жаңашылдарға ғана емес, өзінің өндірісін озық инновациялық технологиялармен жаңартуға мүдделі экономиканың нақты секторына да үлкен қолдау болмақ.

«Инновациялық жобалар ғылыми-техникалық, экологиялық және экономикалық сараптамадан өтеді. Керек болған жағдайда патенттік зерттеулер де жүргізілуі мүмкін. Сараптамалар жасалысымен «Инжиниринг және технологиялар трансферті» немесе «Ғылым қоры» кешенді қорытынды құжаттарды дайындап, негізгі шешімді қабылдайтын және құзырлы орган болып табылатын ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне жолдайды», дейді С. Нүсіпов байқаудың негізгі үдерісі жайында.

С. Нүсіпов, инновациялық үдерісте, инновациялық жүйеде жұмыс жасап жатқан барлық қатысушыларды, жаңашылдарды аталмыш байқауға қатысуға шақырды.

Оның айтуына қарағанда, гранттар сомасы әрбір инновациялық жобалардың қажеттілігіне орай айқындалады. Бір жобаның орындалуына қажетті қаражаттың сомасы 20 млн. теңгеден аспауы тиіс.

ҚР Индустрия және жаңа технологиялар инновациялық гранттарды игеруге арналған байқауды мамырдың 17-де жариялаған. Инновациялық жобалардың құжаттарын тапсыру кезеңі бір айға, маусымның 17-не дейін жалғасын табады. Құжаттарды «Инжиниринг және технологиялар трансферті» немесе «Ғылым қоры» акционерлік қоғамдарының елордадағы кеңселеріне тапсыру қажет.

Соңғы жаңалықтар