Қазақстан өз азаматтарын шетелде оқыту көрсеткіші бойынша 9-орында тұр
АСТАНА. KAZINFORM – Философия, саясаттану және дінтану институтының басшысы Айгүл Сәдуақасова Конституцияның жаңа нұсқасында жеке тұлғаның ғылым мен білімге арқа сүйеп дамуына түгел кепілдік берілгенін айтады.
- Жаңа редакцияның 33-бабы азаматтардың орта және жоғары білім алу құқығына кепілдік береді. 23-баптың 1 және 3-тармақтары сөз бостандығына, ғылыми, техникалық, шығармашылық және көркемдік қызмет еркіндігіне кепіл болып тұр. Зияткерлік еңбекті қорғау кепілдігіне мән берілді. Осылайша, жеке тұлғаны дамытудың білімге қол жеткізуден бастап зияткерлік және шығармашылық қызметін құқықтық тұрғыдан қорғауға дейінгі тұтас траекториясы қалыптасады, - деді ол Конституциялық комиссияның бүгінгі отырысында.
Сондай-ақ, ол жаңа Конституциядағы зияткерлік меншікпен байланысты баптар шетелде білім алған жастардың елге оралуына жағдай туғызатынын айтты.
- ЮНЕСКО-ның Статистика институтының мәліметі бойынша, Қазақстан азаматтарын шетелде оқыту көрсеткіші жөнінен әлемде 9-орында. 91,2 мың қазақстандық студент шет елде білім алып жатса, Қазақстанда 30 мыңға жуық шетелдік студент оқып жүр. Мемлекет осы әлеуетті өзіне қайтарып, толыққанды іске асыру үшін институционалдық жағдайлар жасай алуы керек. Дәл осы жерде шығармашылық еркіндіктің, зияткерлік еңбек пен ғылыми автономияны қорғаудың конституциялық кепілдіктері түбегейлі маңызға ие болады, - деді ғалым.
Айта кетейік, Kazinform агенттігінің қазақ және орыс тіліндегі Telegram арнасы осы отырыстан мәтін трансляциясын беріп жатыр.