Қазақстан-өзбек шекарасында контрабандашыларды құрықтау кезінде шекарашылар қару қолдануға мәжбүр болды
ШЫМКЕНТ. 14 наурыз. ҚазАқпарат /Татьяна Пылаева/ - Қазақстан-өзбек шекарасында контрабандашыларды құрықтау кезінде шекарашылар қару қолдануға мәжбүр болды,
деп хабарлады Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
«Сарыағаш аудандық ІІБ тірек бекетіне шекара заставасында атылған қарудың даусы шығып жатқаны туралы хабар түсті. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы аттанып кетті», - деп хабарлады баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова. «Анықталғандай, шекара қызметінің қызметкерлері қару қолдану арқылы шекараны заңсыз өтпек болған екі азаматты ұстады. Нәтижесінде ешкім зардап шеккен жоқ», - деп түсіндірді ол.
Контрабандашылар «УАЗ-469» автокөлігімен келе жатты. Оның ішінен шекарашылар пластикалық ыдысқа құйылған 800 литр спиртті тапты. «Спиртті олар контрабандалық жолмен Өзбекстанға алып өтпек болған», - деп хабарлады баспасөз қызметі. Тергеу барысында анықталғаны, күдіктілердің бірі - Өзбекстан Республикасының азаматы, екіншісі ОҚО Сарыағаш ауданының тұрғыны. ҚР ҚК 209-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.