17:12, 19 Мамыр 2009 | GMT +5
Қазақстан өзін-өзі қамтамасыз етіп жатқан азық-түлік тағамдарына салынатын кедендік баж салығын ұлғайтатын болады
АСТАНА. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ – Қазақстан өзін-өзі қамтамасыз етіп отырған азық-түлік тағамдарына салынатын кедендік баж салығын ұлғайтатын болады. Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен ҚР Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырсынан кейінгі брифингте Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Мемлекет еліміз өзін-өзі қамтамасыз етіп отырған азық-түлік тағамдарының позициясы бойынша кедендік-тарифтік саясатты реттеу жөнінде қажетті шараларды қабылдап жатыр. Еліміз өзін-өзі қамтамасыз етіп отырған азық-түлік тағамдарына салынатын кедендік баж салығы ұлғаятын болады. Негізгі азық-түлік тағамдары бойынша техникалық регламент енгізіледі. Осылайша біз ішкі рынокты реттеп, оны импорттан қорғайтын боламыз», деді А. Күрішбаев брифингте. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Қауіпсіздік кеңесінің отырысында А. Күрішбаев ауыл шаруашылығында тұтынудың бекітілген нормативіне сәйкес іс жүзінде ішкі нарықты ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлерімен, атап айтқанда азық-түліктік бидаймен, күрішпен, жарма дақылдарымен, бау-бақша өнімдерімен, картоппен, етпен, сүтпен, жұмыртқамен толық қамтамасыз етіліп жатқанын айтқан болатын.