Қазақстан өзінің экономикасын дағдарыстан кейінгі қарқынды дамуға дайындап жатыр - шетелдік басылым
«Елде үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы мен индустрияландырудың егжей-тегжейлі картасы әзірленді. Мәселе инвестицияның жалпы көлемі 6,5 триллион теңгені, яғни елдің жалпы ішкі өнімінің 40 пайызын құрайтын 162 жоба жайында болып отыр. Олардың жүзеге асырылуы алдағы үш жылда жаңадан 200 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бұл Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында атап өткен 2020 жылға дейінгі даму стратегиясының бір ғана бөлігі», - делінген мақалада.
Беларустық басылымда айтылғандай, Қазақстан мен Беларус мемлекеттері өткен жылы экономиканың түсімін болдырмаған әлемдегі аз ғана елдердің бірі. «Келер жылдары үдемелі индустрияландыру мен инфрақұрылымды дамыту арқылы тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізу мақсаты қойылып отыр. Елде шағын және орта бизнес саласын дамыту үшін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы әзірленуде. Ал Қазақстанның сыртқы саяси басымдықтарының қатарында - 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі және Кедендік одақ (Қазақстан, Ресей, Беларус), Орталық Азия, Кавказ және Таяу Шығыс елдерінің нарықтарында экоспорттық әлеуетті арттыру», - дейді «Халық газеті».