Қазақстан-Пәкістан көлік-логистикалық консорциумын құру ұсынылды
ИСЛАМАБАД. KAZINFORM — ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Пәкістанға ресми сапарында Қазақстан-Пәкістан көлік-логистикалық консорциумын құру бастамасы көтерілді.

Қазақ делегациясы экономиканың негізгі салаларындағы жетекші пәкістандық компаниялардың басшылығымен кездесті. Делегация құрамына құрамына Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, сондай-ақ еліміздің өзге де мемлекеттік және квазимемлекеттік органдарының өкілдері кірді.
– «National Logistics Corporation» бас директоры Фаррух Шахзадпен өткен кездесуде тараптар логистика саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған шараларды айқындады. Қазақ делегациясы екі елдің ірі операторларының қатысуымен бірлескен Қазақстан-Пәкістан көлік-логистикалық консорциумын құру бастамасын ұсынды. Оны іске асыру қолданыстағы әлеуетті неғұрлым тиімді пайдалану және өзара жеткізілімдерді кеңейту үшін күш жұмылдыруға мүмкіндік береді, – деп жазылған ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз релизінде.
Сонымен бірге, «Fauji Foundation» бас директоры Анвар Али Хайдермен өткен кездесуде қордың еншілес кәсіпорындары – «Fauji Fertilizer», «Mari Energies», «Askari Bank» және «Fauji Food» компанияларымен бірлескен жобаларды жүзеге асыру талқыланды. Әсіресе ауыл шаруашылығы, минералды тыңайтқыштар өндірісі, азық-түлік пен құрылыс материалдарын шығару салаларында ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ Қазақстан мен Пәкістан арасындағы банк саласындағы байланысты нығайту мүмкіндіктері қарастырылды.
Аталған жоспарларды іске асыру үшін «Fauji Foundation» қоры мен «Самұрық-Қазына» АҚ арасындағы байланыстарды жандандыру, сондай-ақ қазіргі мүмкіндіктерді зерделеу және ынтымақтастықты кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарын әзірлеу мақсатында өзара сапарлар ұйымдастыру туралы келісімге қол жеткізілді.
Сонымен бірге, «TCS Logistics» компаниясының төрағасы Халид Наваз Аванмен кездесуде Қазақстанда ауқымды инфрақұрылымдық жобаларға қатысу мүмкіндіктері қарастырылды.
Министр ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту стратегиялық басымдық ретінде айқындалғанын атап өтті. Негізгі бастамалардың қатарында Еуразия мен Орталық Азия нарықтарын Пәкістанмен байланыстырып, Парсы шығанағы, Африка және Оңтүстік Шығыс Азия елдеріне шығуға мүмкіндік беретін Ауғанстан арқылы өтетін темір жол құрылысы да бар.
Еске сала кетсек, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Пәкістан астанасы Исламабад қаласына ресми сапармен барды.
Пәкістандық кәсіпкерлер Қазақстанның Орталық Азияға, Ресейге, Еуропаға және Қытайға жол ашатын маңызды қақпа екенін атап өтті. Өз кезегінде Пәкістан Африкамен, Таяу Шығыс пен Оңтүстік-Шығыс Азиямен жерүсті саудасына жол ашады.