Қазақстан Парламенті іс үстінде қалыптасып, кемелденді, сындарлы тәжірибе жинақтады- Мәжіліс депутаты Ж. Сүлейменов
АСТАНА. 1 ақпан. ҚазАқпарат - Еліміздің қос Палаталы Парламентінің жұмыс істей бастағанына 15 жыл толды. Осы айтулы оқиғаға орай Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарасбай Сүлейменов еліміздің жоғары заң шығарушы өкілетті органының қызметіне қатысты өз ойларымен бөлісті.
-Жарасбай Қабдоллаұлы, кез келген елдің ойдағыдай дамуы билік тармақтары қызметінің үйлесімділігіне байланысты ғой, осы тұрғыдан алғанда Парламенттің жұмысын қалай бағалауға болады?
-Бұл сұрағыңызға бір ауыз сөзбен жауап беру қиын. Өте ауқымды сұрақ. Жалпы, депутаттар корпусының қызметіне бағаны халық пен Елбасы береді. Дегенмен, кез келген мәселеге әркімнің өзінің жеке пікірі болатыны белгілі ғой. Осы тұрғыдан алғанда, тәуелсіздігіне қол жеткізген еліміз тарихи қысқа мерзімде ғасырға пара-пар жолдан өтіп, ұлы даланың төсінде жаңа мемлекет құрып, оның тиімді басқару құрылымдарын қалыптастыруға қол жеткізді. Мұның өзі өміріміздің барлық салаларын жеделдете жаңғыртуға, елдігімізді нығайтып, болашаққа нық қадам жасауымызға жол ашты десек, осындай өркенді өзгерістерге Қазақстан Республикасының жоғарғы заң шығарушы органы - Парламенттің де өз үлесін қосып келе жатқаны анық. Жаңару мен дамудың жаңа стратегиясын жүзеге асырып жатқан еліміздің басқару жүйесінің алдында тұрған қазіргі кезеңдегі басты мәселе - қоғамды кешенді түрде жаңарту-жаңғырту. Ал бұл міндеттердің ойдағыдай шешілуін Парламенттің сан-салалы қызметінсіз көзге елестету мүмкін емес. Өмір еліміздің дамуы Парламенттің заң шығару қызметіне байланысты екеніне, еліміздің демократиялық-саяси жаңару үдерісі аясындағы сан қырлы күрделі проблемаларды заңнамалық тұрғыдан реттеуде Парламенттің заң шығарушылық рөлі мен салмағы арта беретініне көз жеткізіп отыр.
Өз бойына әлемдік және отандық тәжірибенің жақсы үлгілерін жинақтап, оларды қазіргі саясаттағы, экономикадағы және әлеуметтік салалардағы жағдайларға бейімдеп отырған Парламенттің жемісті қызметі туралы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев2010 жылғы 1 қыркүйекте Мәжіліс пен Сенаттың бірлескен отырысында: «Міне, бұл мәселелерде Парламент кәсіби шеберлігін танытып, үлкен іске зор үлесін қосты. Бұл орайда, Парламент жоғары заң шығарушы орган ретінде еліміздің өсіп-өркендеуі жолында пәрменді жұмыс жасауда. Мызғымас мемлекеттігіміздің Бас бағдарына айналған Ата Заң аясында көптеген заңдар қабылдануда. Осы сайланымның депутаттары үш сессияның ішінде 340-тан аса заң қабылдағаны - мұның жарқын айғағы болып табылады. Бұл заңдардың басым көпшілігі қоғамның саяси және әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеруге арналған», - деп депутаттарға ризашылығын білдірген болатын.
-Әлемді біраз дүрліктірген дағдарыстың Сіздердің жұмыстарыңызға әсері болды ма?
- Әлемдік дағдарысқа байланысты халық қалаулыларына қауырт жұмыс істеуге тура келді. Әсіресе, соңғы сессияның жүгі ауыр болды. Көп шаралар қолға алынды. Қаржылық және экономикалық қатынастар, бюджет және тариф саясаты, салық салу саласы туралы нормалар жетілдірілді. Энергия үнемдеу және су ресурстарын ұтымды пайдалануды ынталандыру үшін заңнамалық негіз құрылды. Жаңа заңнаманың үлкен блогы азаматтардың жекелеген санатын қолдауға және тұрғындарды кепілді көлемдегі тегін медициналық көмекпен қамтамасыз етуге бағытталды.
Үшінші сессияның қорытындылары заң шығарушылық жұмыстың сапасы арта түскенін көрсетті. Осы кезеңде барлығы 148 заң қабылданды. Еліміздің құқықтық базасы құқық қорғау органдарын реформалауға, қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуге бағытталған заңдармен нығайтылды. Сондай-ақ, Қазақстан қол қойған 35-тен астам халықаралық құжаттар ратификацияланды. Өткен жылдың ерекше бір жаңалығы - Қазақстан Беларусь және Ресей мемлекеттерімен бірге Кеден одағына мүше болып кірді. Осы маңызды оқиғаға байланысты Парламент қысқа мерзім ішінде 35-тен астам келісімді заңдық тұрғыдан бекітіп, Кеден одағы аясында Біртұтас экономикалық кеңістік құру үшін құқықтық база жасады.
Сын сағатта осылай «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» қимылдаудың, Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын қолға алудың, кәсіпкерлік секторды сауықтыру және бизнес бастамаларын қолдау, агроөнеркәсіп саласын қаржымен қамтамасыз ету шараларын жүзеге асырудың нәтижесінде ел экономикасы қарқынды дамып, дағдарыстан кейінгі кезеңге батыл қадам жасадық, халықтың әл-ауқаты жақсарды десек артық айтқандық болмас.
Міне, осы айтылғандардың өзі-ақ жаңарған әлемдегі жаңа Қазақстанды одан әрі кешенді дамыту жөніндегі аса күрделі міндеттердің нәтижесі мен сапасы, сайып келгенде, мемлекеттік басқару институттары, олардың ішінде Парламенттің қызметіне тікелей байланысты екендігін, еліміздің жоғары заң шығарушы органының уақыт алға тартқан қиыншылықтардың бәрін халқымен бірге бөлісіп келе жатқандығын дәлелдейді деп ойлаймын.
-Кейбір зерттеушілер қазақ қоғамының тарихы қаншалықты терең болса, заң шығарушылық қызметі соншалықты астасып жатыр дегенді айтады. Сіз қалай ойлайсыз?
-Шынында да ғасырлар бойы дала демократиясы мен еркіндік сезімінің құндылық белгілерін сақтап келген қазақ елінің заң шығарушылық қызметінің тамыры тереңде жатыр. Белгілі заңгер, акдемик С.Зиманов көшпелі өркениет жағдайында жоғары бағаланған билер соты, халық билігі туралы айтып та, жазып та жүр ғой. Демек, бүгінгі Парламент өз бастауын «Қасым ханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы», «Жеті Жарғы» сияқты көне заңдардан алады деп нық сеніммен айтуға болады.
Қазақстанды президенттік республика деп жариялаған 1995 жылғы Конституция, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңдар қабылдап, Парламенттің заң шығару функциясын жүзеге асыратын Республиканың жоғары өкілді органы болып табылатынын бекіттіріп берді. Сөйтіп, біздің елімізде тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн екi Палатадан: Сенаттан және Мәжiлiстен тұратын Парламент өмірге келді.
Осы мысалдар арқылы қазақстандық парламентаризмнің қалыптасу жолы күрделі болғанына, парламентаризм талабына, табиғатына сай келмейтін қоғамдық сана мен саяси практикадағы үстірт көзқарастар мен пікірлерді еңсерудің оңайға түспегеніне, Қазақстан Парламенті қоғамдағы реформаларды табысты жүзеге асыруға қабілетті саяси-демократиялық институтқа тек тәуелсіздік жылдары ғана айналғанына көз жеткізуге болады деп ойлаймын.
- Мәжілістің қазіргі құрамы және әріптестеріңіз туралы айтып өтсеңіз?
- Алғашында Мәжiлiс алпыс жетi депутаттан сайланған. Кейін 1998 жылғы конституциялық өзгерістерге орай олардың қатарына тағы он депутат қосылды. Ал 2007 жылғы мамырда жаңартылған Конституцияға сәйкес 107 парламентшіден тұратын болды. Олардың тоқсан сегізі саяси партиялардан партиялық тізімдер бойынша жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланды. Ал тоғыз депутат Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері болып табылады.
Жаңадан сайланған Мәжіліс саяси жүйенің құрамдас бөлігі ретінде өзі де жаңаруға түсіп, бүкіл қызметін, әсіресе, негізгі функциясы - заң шығару ісін қоғамдық қатынастардың қазіргі заманғы күрделі, өскелең талаптарымен үйлестіре білді.
Мәжілістің соңғы сайлауында 39 депутат өз мандаттарын сақтап қалса, 43 адам мемлекеттік басқару органдарынан, 8 адам бизнес құрылымдарынан, 8 депутат білім, ғылым және мәдениет саласынан келді. Ал мамандықтарына келсек, шаруашылықтың барлық салалары қамтылған деуге болады: депутаттардың арасында инженерлер де, заңгерлер де, экономистер де, дәрігерлер, мәдениет және өнер қайраткерлері де бар. Он бір Мәжіліс депутаты ғылым докторы болса, он халық қалаулысы ғылым кандидаты.
Мәжіліс депутаттарының арасында есімдері елімізге жақсы танымал тұлғалар аз емес. Мәселен: Сәт Тоқпақбаев, Жәнібек Кәрібжанов, Сағынбек Тұрсынов, Алтай Тілеубердин, Серік Темірболатов, Ирак Елекеев, Рамазан Сәрпеков, Кенжеғали Сағадиев, Тито Сыздықов, Тоқтарбай Қадамбаев, Ерлан Нығматулин, Гүлмира Исімбаева, Уәлихан Қоңырбаев, Наталья Геллерт, Қылышбай Бисенов, Сейітсұлтан Әйімбетов, Бекболат Тлеухан, Нұрлан Өнербай, Алдан Смайыл және осылай тізіліп кете береді. Осындай өздеріне жүктелген міндет жауапкершілігін терең сезініп, соған сай іс-қимыл танытып жүрген абзал жандар аз емес. Десек те «Басқа балаларым - бір төбе, Ертөстігім - бір төбе» дегендей, Мәжіліс төрағасы Орал Байғонысұлы Мұхамеджановтың орны бөлек. Халқымыз «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме, Мәжілістегі ахуалдың қалыпты болуына, парламентшілердің етек-жеңді жинап ширақ жұмыс істеуіне оның қосып отырған үлесі тіпті сүбелі. Әріптестерім сияқты мен де ол кісінің сабырлылығына, кішіпейілділігіне, мәдениеттілігіне тәнті екенімді қайда болмасын, айтып жүремін. Бірде күтпеген жерден кездесе кеткен «Жас қазақтың» Астанадағы тілшісі Төлен Тілеубай «Төраға туралы не ойлайсыз?» деп жан алқымнан алғандай болғаны бар. Не ойлаймын, өзіме ұнайтын қасиеттерін жіпке тізе бастадым. 2008 жылы 11 қарашада «Егемен Қазақстаннан» белгілі қаламгер Төлен Әбдіковтің ол кісі туралы «Лауазым иелерінің ішінде менің өзім білетін, елге жаны ашитын, өзінің бойындағы әу баста Құдай берген тазалығын, кішіпейілдігін, кісілігін сақтап қалған, мансапқа есірмейтін, өзгермейтін азаматтардың бірі- бүгінде ел тағдырына қатысты өзекті мәселелерді шешуге тікелей араласып жүрген мемлекет қайраткері, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов» деген сөздерін оқығанда өзімнің қателеспегенімді түсіндім.
- Жарасбай Қабдоллаұлы, Сіз Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесіз ғой, осы деңгейде атқарылып жатқан жұмыстар туралы не айтар едіңіз?
- Парламент пәрменінің артуына, оның жұмысының тиімді ұйымдастырылуына Динар Нөкетаева басқаратын біздің комитеттің қосып отырған үлесі де аз емес.Біздің комитетіміз төртінші сессия басталғаннан бері 14 заң жобасын өз қарауына алса,«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйлері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Ғылым туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Назарбаев Университетінің мәртебесі туралы», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» туралы», «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер енгізу туралы» заң жобалары Мәжілістің жалпы отырысында мақұлданып, Сенатқа тапсырылды.
Депутаттар Елбасының тапсырмасына сәйкес көші-қон саласындағы заңнамалық базаны одан әрі жетілдіруді, ішкі және сыртқы көші-қон ағындарын мемлекеттік реттеуді көздейтін, еліміздің ұлттық сәйкестігі мен қауіпсіздігін сақтау және дамыту шеңберінде заңсыз көші-қонды барынша қысқарту және селективтік көші-қонды қалыптастыру жолымен көші-қон процестерінің келеңсіз салдарын азайтуға бағытталған «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасы да белсенділікпен талқылауда. Бұл заң жобасында этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелерін, сондай-ақ еліміздің әкономикалық тұрғыдан перспективасы жоқ және экологиялық қолайсыз аумақтарында тұратын Қазақстан азаматтарын әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары да молынан қарастырылып отыр.
-Депутаттар Мәжілістің жалпы отырысының басында өздерінің сауалдарын жария етіп жатады. Сіз де сауалды жиі жасайсыз. Келіп жатқан жауаптарға көңіліңіз тола ма?
- Үстіміздегі сессияның алғашқы үш айында ғана біз түрлі мемлекеттік құрылымдардың басшыларына 237 сауал мен үндеу жолдадық. Таратып айтсақ, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысына 3, Премьер-Министрге 144, министрлерге 53, Бас прокурорға 20, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына 4 сауал жолданды. Көтерілген мәселелердің басым бөлігі Мемлекет басшысының төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің ІV сессиясының ашылуында депутаттардың алдына қойған және жыл сайынғы халыққа Жолдауынан туындайтын міндеттерді шешуге бағытталған. Әрине, уақытында жауап келеді. Соның бәрі көңілімізден шығып жатыр дей алмаймын. Қалай болғанда да, депутаттық сауалдың белгілі бір деңгейде істің жайына оң ықпал ететіні, қозғау салатыны сөзсіз. Демек, еңбегіміз далаға кетіп жатқан жоқ.
-Сайлаушылар арасында қаншалықты жиі боласыздар?
-Парламенттің регламентіне сәйкес депутаттар тоқсан сайын аймақтарға шығып, сайлаушылармен кездесіп тұрады. Ондағы басты мақсат - халықты жоғары өкілетті орган, Үкімет тындырып жатқан істерден хабардар ету. Осы кездесулердің барысында халықтың талап-тілектеріне де айрықша көңіл бөлеміз. Сондай-ақ олар көтерген мәселелерді тиісті орындарға жеткізуді басты міндетіміз деп білеміз. Мәселен, өткен жылдың қараша айында Павлодар облысына барған сапарымда он бес шақты елді мекенде болып, 30 кездесу өткіздім, «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясының облыстық филиалында 12 сайлаушыны қабылдадым. Кейін олардың өтініштері бойынша Үкіметке бірнеше сауал жолдадым.
Сайлаушылар депутаттарға сенеді. Парламентке толассыз келіп жататын хаттар соның айғағы. Бұл ретте әріптесім Н.С.Сабильяновтың еңбегін ерекше атағым келеді. Нұртай Салихұлы - Парламенттегі өз сайлаушыларымен тығыз байланыс жасайтын депутаттардың бірі. 2009 жылы өз жерлестерінен 900 хат алған депутат өткен жылы хат жазып көмек сұраған 700 адамның тағдырына араласты. 2010 жылдың қорытындысы бойынша әріптесіміз «Алтын жүректі адам» деп танылғанда оның осы еңбегі де ескерілгені сөзсіз.
-Он бес жыл тарих үшін көп уақыт емес десек те, Сіздің сөзіңізге қарағанда, ұлан-ғайыр істер тындырылған сияқты...
-Иә, он бес жыл - қас қағым сәт. Сүйініштісі сол, осы уақыттың ішінде небір күрделі кезеңдер мен сындарлы сәттерді бастан өткерген Қазақстан Парламенті іс үстінде қалыптасып, кемелденді, сындарлы тәжірибе жинақтады, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың тілімен айтсақ, еліміздің келбетін өзгерткен заңдар қабылдайтын деңгейге көтерілді.
Уақыт Елбасымыз ұстанған бағыттың дұрыс екенін дәлелдеп берді. Қазақстан санаулы жылдардың ішінде дүние жүзіне танымал әлеуетті елге айналды. Біз Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және Азия елдері арасында бірінші болып Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына жетекшілік еттік. Осы беделді ұйымның мемлекет басшыларының қатысуымен Астанада өткен Саммит те еліміздің абырой-даңқын асқақтата түскені даусыз. Дегенмен қол жеткенге тоқмейілсуге болмайды. Президентіміз атап көрсеткендей, «Қазақстан Тәуелсіздіктің үшінші онжылдығына лайықты қадам басуы үшін бізге әлі көп нәрсе істеуге тура келеді». Миллиондаған азаматтар өзінің азаматтық белсенділігін танытып, жаңа индустриялық Қазақстанды тұрғызуға қатысу үшін ұмтылуы, іспен айналысып, елдің дамуында өз орнын табуы керек. Еліміз үшін мәртебелі, сонымен қатар үлкен жауапкершілік жүктейтін осындай айрықша ауқымды істерден заңнамалық қызметі арқылы ұдайы халықтың мүддесін білдіріп, қорғап келе жатқан Парламенттің де шет қалмайтынына сенім зор.
-Әңгімеңізге рахмет! Депутаттық қызметіңізде абыройлы болыңыз және шығармашылық жолыңызға табыс тілейміз.