Қазақстан полициясының 20 жылдығына орай Оралда нысана көздеуден жарыс ұйымдастырылды
ОРАЛ. 1 маусым. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті «Динамо» қоғамы БҚО филиалымен бірлесіп Қазақстан полициясының 20 жылдығына орай жауынгерлік қарудан нысана көздеуден чемпионат өткізді.
Департаменттің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, ерлер мен әйелдер арасында өткен жарысқа барлығы 72 қызметкер 18 команда құрамында қатысты.
Біріншілік қорытындысына сәйкес 1102 ұпай жинаған Орал қалалық ішкі істер басқармасы патрульдік полиция батальоны командасы жеңімпаз атанса, жол полициясы басқармасы мен жаңақалалық полицейлер екінші-үшінші орындарды бөлісті.
Калашников автоматымен нысана көздеуден оралдық Виталий Макуха мен жаңақалалық Асхат Құсайынов мергендік танытты.
Макаров пистолетімен нысана көздеуден Вадим Бекчентаев (департаменттің криминалдық полиция басқармасы), Бауыржан Оспанов (Орал қалалық ІІБ патрульдік полиция батальоны), Руслан Шаукенов (Орал қалалық ІІБ) сияқты жігіттер көзге түсті.
Әйелдер арасында БҚО бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінен Мариям Якубова, Эльмира Құлтаева (БҚО ІІД), Бөрлі ауданынан Бибінұр Мақашева және басқалар Макаров пистолетін жақсы меңгергендіктерін байқатты.
Құрмет грамоталарымен, кубоктармен марапатталған жеңімпаздар қыркүйек айында Павлодар қаласында өтетін республикалық жарысқа қатысады.