Қазақстан Президенті ЕАЭО-ның цифрлық дамуына қатысты ұсыныс айтты

АСТАНА.KAZINFORM — Қазақстанда инновациялық жобаларға инвестиция көлемі еселеп артып келеді. Бұл туралы бүгін елордадағы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

Тоқаев
Фото: виеодан алынған скрин

Президенттің айтуынша, цифрландыру мен жасанды интеллект арқылы жаңа технологиялық жүйе қалыптастыру кезінде деректерді жедел өңдеу, автоматтандыру және инновацияны жаппай енгізу табыстың негізгі факторына айнала бастады. Сарапшылардың бағалауы бойынша, әлемде жасанды интеллект технологияларына құйған қаржы көлемі 1 трлн долларлық межеден асты. Алдағы онжылдықта оның жаһандық экономикадағы жиынтық үлесі бірнеше есе көбейіп, 7 трлн долларға жетуі мүмкін. 

 Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзіне қарағанда, соңғы буынды технологиялар еуразиялық интеграцияның қуатты катализаторына айналуы керек. Бұл қазірдің өзінде жүзеге аса бастады. ЕАЭО кеңістігінде осы бағыттағы жұмыс дәйекті түрде жалғасып келеді деп нық сеніммен айтуға болады. Трансформация өндіріс және логистикадан бастап, ауыл шаруашылығы мен мемлекеттік басқаруға дейінгі барлық саланы қамтиды.

- Қазақстанда инновациялық жобаларға инвестиция бес еседен астам өсті. Барлық инвестицияның жартысынан астамы цифрлық салаға бағытталып жатыр, - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент ЕАЭО-ға мүше елдердің әрқайсысы цифрлық трансформацияның жекелеген бағыттарында айтарлықтай тәжірибе жинағанын атап өтті. Бұл ретте Мемлекет басшысы ұлттық құзіреттерді дамытумен қатар бірлескен технологиялық бастамаларды қалыптастыруға белсенді түрде атсалысқан жөн екенін сөз етті. Осы бағытта үздік тәжірибелермен және тиімді шешімдермен алмасу маңызды.  

 

 - Бұл ЕАЭО аясындағы цифрлық дамуды жеделдетіп, экономикаларымыздың бәсекеге қабілетін арттыруға мүмкіндік береді, - деді Президент. 



Бұдан бұрын хабарланғандай, Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы басталды.