Қазақстан Президенті Кореяның K-Silk Road тұжырымдамасына қолдау білдірді

Қазақстан Президенті
Фото: akorda.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Корея Республикасының K-Silk Road тұжырымдамасын қолдайды. Бұл туралы Ақордада Оңтүстік Корея Президенті Юн Сок Ёльмен келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

«Бүгін президент Юн Сок Ёль мырзамен маңызды әрі мазмұны келіссөздер жүргіздік. Халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша пікр алмастық. Жаһандық үдерістерге қатысты ой бөлістік. Астана мен Сеулдің өзекті мәселелерге қатысты ұстанымдары ұқсас. Көпжақты ықпалдастықты нығайтуға екі ел де мүдделі. Біз Орталық Азия бестігі мен Корея диалогын одан ары дамытуға келістік. Қазақстан Корея Республикасының K-Silk Road тұжырымдамасын қолдайды. Бұл мәселе бойынша бүгінгі келіссөздер барысында кең ауқымды әңгіме болды. Мен корей тарапының осы форматтағы алғашы саммитті келесі жылы Сеулде өткізу туралы ұсынысын қолдаймын», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымынша, бұл бастама екіжақты және көпжақты ынтымақтастыққа тың серпін береді.

«Біз әлемдегі түрлі қақтығыстарға байланысты алаңдаушылық білдірдік. Кез келген жанжалды диалог арқылы дипломатиялық жолмен шешу қажеттігін атап өттік. Оның мызғымас негізі БҰҰ жарғысы және халықаралық құқық нормалары болуға тиіс. Осы ретте жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті қамтамасыз ету тәсілдерін жетілдіру туралы ой бөлістік. Қазақстан мен Корея арасындағы жан-жақты байланысты нығайта түсу екі елдің мүддесіне толық сай келеді. Президент Юн Сок Ёль мырзаның бүгінгі сапарының ерекше мәні бар. Бұл сапар өзара қарым-қатынасты дамытуға жаңаша серпін береді деп сенеміз», - деді Президент.

Соңғы жаңалықтар