Қазақстан Президенті Алматы облысында жаңа технологиямен шығарылған алғашқы автобусқа қолтаңба қалдырды
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ. 23 тамыз. ҚазАқпарат - Біз үшін қазақстандықтардың отандық өндірісте шыққан автокөлікті пайдаланғаны маңызды, деп мәлімдеді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысындағы Hyundai Auto Trans зауытында болған кезде.
Бұл жайында холдинг басшысы Нұрлан Смағұлов айтты.
Н.Смағұлов компания өкілдері қазақстандық зауытта өндірілетін автомобильдерді бұрынғы КСРО-дағы машина жасау жағынан ең дамыған ел - Беларусқа жеткізетіндігін зор мақтаныш ететінін атап өтті.
Мемлекет басшысы өндірістік цехтарды аралап көрді, жұмысшылармен және компания өкілдерімен әңгімелесті, сондай-ақ қазақстандық зауытта жаңа технологиямен шығарылған алғашқы автобусқа қолтаңба қалдырды
2011 жылы «Астана Моторс» компаниясы Hyundai-дың коммерциялық техникасы базасында шағын тоннажды жүк автомобильдері тораптарын жинауды бастады, бұдан әрі SKD4 схемасы бойынша неғұрлым жоғары технологиялы өндірістің деңгейіне шығып келеді.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып жатқан жоба Қазақстан машина жасау құрылысының перспективалы бағыттарын дамытуға, өндірісті экономиканың шикизаттық бағытынан индустрияға қарай бағыттауға қомақты үлес қосатын болады. Жобаға бір миллиард теңгеден астам инвестиция салынды.
Компания жоспары бойынша, 2012 жылы 1000-нан астам автомобиль шығарылмақ, олардың 400-ден астамы Беларусқа, РФ-ға және Орталық Азия елдеріне экспортталады.
Жоба 80-нен астам жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді, ал 2015 жылға қарай өндіріс және автомобильдерге қызмет көрсету бойынша қосымша 200 жаңа жұмыс орны құрылмақ.