08:30, 10 Ақпан 2009 | GMT +5
Қазақстан Президенті парламенттік партиялар туралы заңға қол қойды - немістің бұқаралық ақпарат құралдары
МАГДЕБУРГ. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат /Юлия Чернова/ - ҚазАқпарат «Әлемдік БАҚ Қазақстан туралы» дәстүрлі айдар аясында оқырмандарды неміс ақпарат агенттіктерінің материалдары бойынша «Қазақстан Республикасының Сайлау туралы» Заңға енгізілген түзетулерге қатысты неміс тілді басылымдардың үнқатуларымен таныстырады.

Бұдан былай қазақстандық Парламент кемінде екі партияның өкілдерінен жасақталатын болады: Қазақстан Президенті қол қойған заңда осылай делінген. 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету қарсаңында Қазақстан елдегі демократияны дамыту ісін жалғастыруда. Парламентке өту үшін қойылып отырған 7 пайыздық шек еуропалық нормалар бойынша тым жоғары және одан өту оңай емес. Жаңа заңда бұл шектен өте алмағанның өзінде, екінші тұрған партияның Парламенттен орын алу мүмкіндігі қарастырылған. Осылайша, заң бойынша, парламентке оппозицияның да өтуіне мүмкіндік беріліп отыр. Келесі сайлау Қазақстанда 2012 жылы өтеді. Бұл реформа өткен жылдың желтоқсан айында сайлау туралы және бұқаралық ақпарат құралдар туралы заңнамаларға қабылданған өзгертулерден кейінгі Қазақстанның демократиялық даму жолындағы кезекті жетістігі болып отыр. 2010 жылы Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету құқығына ие болған Тәуелсіз мемлекеттер достастығының алғашқы республикасы болады, бұл жайт елдегі демократиялық үдерістер мен адам құқықтарын дамытуды және ынталандыруды қарастырады.