Қазақстан Президентінің арнайы өкілі Оман Сұлтанының жеке өкілімен кездесті
АСТАНА Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы өкілі, Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеев Маскатта (Оман Сұлтандығы) Оман Сұлтандығының жеке өкілі Асад бен Тарик Әл Саидпен кездесіп,
оған Елбасының Оман Сұлтаны Кабус бен Саидқа жолданған ағымдағы жылы Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының ІІІ съезіне қатысуға шақыруын табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат сыртқы істер ведомствосының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Әңгіме барысында М.Көпеев Асад бен Тарик Әл Саидке Қазақстанның жаһандық конфессияаралық диалогты дамыту жөніндегі күш-жігері туралы, Әлемдік және дәстүрлі діндер басшылары съезінің Хатшылығының жұмысы туралы әңгімелеп берді. 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына және 2011 жылы Ислам конференциясы ұйымына төрағалық ететін Қазақстанның осынау екі беделді халықаралық ұйымның күн тәртібіне мәдениеттер мен діндер арасында диалог орнату, төзушілікті нығайту мәселелерін енгізу ниетін таныстырды. Асад бен Тарик Әл Саид өз кезегінде, шақыру үшін алғыс айта отырып, Қазақстанның бастамаларына сәттілік тіледі. Оман Сұлтанының өкілі біздің еліміздің халықаралық саяси сахнадағы рөліне жоғары баға беріп, өз елінің Қазақстанмен ынтымақтастықты жан-жақты тереңдетуге деген талпынысы жоғары екендігін білдірді.