Қазақстан Президентінің сөзі сындарлы саяси жаңғыру идеясын қуаттайды — өзбек сарапшысы

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Егемендік декларациясының 35 жылдығына арналған салтанатты іс-шарада сөйлеген сөзі құттықтау ғана емес, қоғамды елде іске асырып жатқан реформаларға жұмылдыру болды. Белгілі өзбек саясаттанушысы, философия ғылымдарының кандидаты, Г. В. Плеханов атындағы Ресей экономикалық университетінің Ташкент филиалының доценті Равшан Назаров Kazinform тілшісіне осындай пайымын айтты.

Қазақстан Президентінің сөзі сындарлы саяси жаңғыру идеясын қуаттайды — өзбек сарапшысы
Фото: Мәдібек Жәнібеков/Kazinform

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Егемендік декларациясы қабылданған күн қазіргі тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік құрылысын бастап бергенін айтты. Ол қазақ халқында «ғасырларға жалғасқан мемлекеттілік дәстүрі» болғанын, «ұлттық рух» пен «тарихи әділет» сияқты асқақ ұғымдар легитимді билік сабақтастығының имиджін нығайтуға қызмет ететінін атап өтті — дейді ол.

Сарапшы Президент сөзіндегі сот реформасының жетістіктері, Парламент өкілетін кеңейту, конституциялық өзгерістер, әкімдерді тікелей сайлау сияқты мемлекеттік құрылыстың маңызды аспектілері егемендіктің арқасында іске асып жатқанын айтады.

— Бұл айтылғанның бәрі көкейдегі ниет қана емес, нақты өзгерістер мен жетістіктердің есебі деуге болады, — дейді саясаттанушы.

Равшан Назаров Президент құқықтық тәртіп, патриотизм, ынтымақтастық, еңбек құндылығы, экология сияқты маңызды тақырыптарды қозғанын айтады. Сарапшының пікірінше, «Таза Қазақстан» сияқты жалпыұлттық бастамалар мен қозғалыстар халықтың үміті мен мемлекеттің жоспарын бір арнада тоғыстыратын мәдени-нормативтік шеңбер құруға талпыныстан туындап отыр.

— Түрлі салада еңбегі сіңген азаматтарға мемлекеттік наградалардың берілуі егемендік мерекесіне эмоциялық әрі символдық салмақ беріп, биліктің халықпен байланысын көрсетеді, — дейді ғалым.

Саясаттанушы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл жолғы сөзі сындарлы саяси жаңғыру идеясы нығайып келе жатқанын паш еткенін айтады.

— Президент халықтың еңбегі мен әділдік биліктің ресурсы бола алатынын лайықты азаматтарды марапаттау арқылы, мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелеріне мұқият қарауы арқылы көрсетіп отыр. «Бірлік» пен «ынтымақ» символикасын әспеттеу арқылы қоғам мен элитаға нақты ишара беріп отыр. Реформалардың әрі қарай сәтті алға басуына қоғам бірлігі ғана кепіл бола алатыны шындық. Ол билік тізгінін ұстау салтанатты сәттерде көсіліп сөйлейтін шешендікпен шектелмейтінін, «нағыз реформаларды қажет ететін жауапты миссия екенін тағы бір мәрте ісімен де, сөзімен аңғартты, — деп түйіндеді Равшан Назаров.

Сондай-ақ, Башқұрт сарапшысы Артур Сүлейменов Президент Қ.Тоқаев ұстанған бағдар Егемендік декларациясындағы идеяларды баянды етуге бағытталғанын айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар