Қазақстан Ресеймен, Қытаймен, АҚШ-пен, Еуропа Одағымен стратегиялық қарым-қатынастарды нығайтады - Елбасы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан елдің негізгі әріптестері ретінде Ресеймен, Қытаймен, АҚШ-пен, Еуропа Одағымен стратегиялық қарым-қатынастарды нығайтатын болады. Бүгін «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XVII съезінде партия Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.
«Бейбітшілік, қауіпсіздік пен тыныштық мүдделері үшін барлық жағдайлар жасауы керек, Орталық Азия тұрақтылық, ынтымақтастық пен татукөршілік аумағы ретінде сақталып қалуы шарт. Сондықтан да, Қазақстан Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттерді ынтымақтастықтың көпжақты форматын жаңғыртуға шақырады. Бұл баршамыз үшін маңызды. Бұл тұтастай өңірдегі экономикалық, геосаяси әлеуеттің күшеюіне септігін тигізеді», - деп мәлімдеді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан еуразиялық интеграциялық процесстердің жан-жақты нығаюына да жәрдемдесетін болады.
«Бірден айтайын, «Нұр Отан» партиясы өзін еуразиялық оптимистер партиясы ретінде көрсетіп келеді. Осыған байланысты, ЕАЭО аясында ортақ нарықтарды қалыптастыру бойынша қадамдарды сатылап жүзеге асыру маңызды», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.