Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығы өзгермейді — Ерлан Қарин
АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа преамбулада мемлекеттің шекарасы мен аумақтық тұтастығына қол сұғылмайтыны анық жазылған. Бұл туралы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның отырысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мәлім етті.
— Конституциялық комиссия мүшесі ретінде қоғамда талқыланып жатқан бірқатар тақырыпқа қатысты өз ойымды білдіруді жөн санадым. Біріншіден, «еліміздің аумақтық тұтастығына ешқашан қол сұғылмайды және ол ешқашан өзгермейді». Осылай тағы да қайталап өтуіміз керек, себебі кейбір азаматтардың «Ата Заңда елдің әкімшілік-аумақтық тұтастығы өзгереді» деген пікірі — жалған ақпарат, — деді Ерлан Қарин.
Осы орайда ол жаңа Конституцияның жобасында мұндай әрекеттерге қазір де, болашақта да берік тосқауыл қойылғанын атап өтті.
— Атап айтқанда, жаңа преамбулада мемлекеттің шекарасы мен аумақтық тұтастығына қол сұғылмайтыны анық жазылған. Сол секілді 2-баптың 6-тармағында «Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығы өзгермейді» деп нақты көрсетілген. Бұл — Қазақстанның аумақтық тұтастығы мәселе ретінде талқыланбайды деген сөз. Тіпті, референдумға да болашақта мұндай мәселелер шығарылмайды дегенді білдіреді. Мұны бүкіл ел азаматтары білуі керек, — деді Ерлан Қарин.
Айта кетелік Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның жетінші отырысы өтіп жатыр.