Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының мәлімдемесі

АСТАНА. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат - Соңғы кездері бірқатар қоғамдық бірлестіктер, саяси партиялар және бұқаралық ақпарат құралдары Қытай Халық Республикасына экспорттау үшін ауыл шаруашылық өнімдерін өсіруге жерді ұсыну тақырыбына қатысты алыпқашпа әңгімелер таратуға әрекет жасауда, делінген Бас прокуратураның қаңтардың 27-сінде жасаған мәлімдемесінде.

Қазақстан  Республикасы Бас  прокуратурасының  мәлімдемесі

Ондай мәлімдемелердің маңыздылығын арттырып, оларға көпшіліктің назарын аудару мақсатында нақты сандарға, «анық ақпарат көздеріне» және шетел баспасөздеріне сілтеме жасалып жүр. Атап айтқанда, кейіннен жергілікті БАҚ таратқан француздық «Le Monde» газетінің Алакөл аймағындағы қазақ-қытай бірлескен кәсіпорнының соя мен бидайды өсіру жөніндегі қызметі туралы мақалада айтылады. Мақалада кәсіпорын иелігінде 7000 гектар жер болғандығы және осы аймаққа 3000 қытай шаруалары жіберілгендігі туралы айтылған.

Алайда, 2003 жылдың өзінде-ақ уәкілетті мемлекеттік органдар мұндай ақпаратты жоққа шығарған болатын. Бас прокуратура 2010 жылы Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында арнайы тиісті тексерулер жүргізіп, олардың нәтижелері де француз газеті материалдарының ақиқатқа сай келмейтіндігін растады. Сонымен қатар, ондай мәлімдемелердің қолданыстағы заңнамаға және нақты жағдайға сәйкес келмейтіндігі жөнінде Премьер-Министр, Ауыл шаруашылығы министрі және Бас прокуратура айтқан болатын.

Осыған қарамастан, жекелеген тұлғалар аталған мәселе бойынша алыпсатарлық пен арандатушылық ақпарат таратуды, оның ішінде жаппай наразылық шараларына шақыруды жалғастырып, заңға қарсы әрекеттердің жасалынуын ұшқындатып отыр.

Қазіргі таңның өзінде ондай әрекеттердің ұлтаралық қатынастар жағдайына жағымсыз әсер ету фактілері анықталды. Ұлтаралық негіздермен дау-жанжал шығару әрекеттері үшін кінәлі тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылуда.

Осыған орай, заң бұзушылықтардың алдын алу және мүмкін зардаптарды болдырмау мақсатында Бас прокуратура Конституцияның 39-бабына сәйкес ұлтаралық татулықты бұзатын кез-келген әрекет конституциялық емес деп танылатындығын қайталап түсіндіреді.

Негізгі заңның 20-бабына сай, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, әлеуметтiк және ұлттық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгiттеуге жол берiлмейдi.

Конституцияның 5-бабымен мақсаты немесе iс-әрекетi республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, оның тұтастығын бұзуға, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiруге, әлеуметтiк, ұлттық араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бiрлестiктер құруға және олардың қызмет етуiне тыйым салынған.

Азаматтық кодекстің 49-бабына сәйкес заң құжаттарында тыйым салынған қызметтi жүзеге асыру, не қызметтi заңдарды бiрнеше рет немесе өрескел бұза отырып жүргiзу заңды тұлғаны сот тәртібімен таратуға негіз болып табылады. «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңмен журналистке келіп түскен ақпаратты тексеру құқығы беріле отырып, шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратпау міндеті жүктелген. Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодекспен бұқаралық ақпарат құралдарына көрінеу жалған мәліметтер мен материалдар беру үшін жауапкершілік белгіленген. Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, дiни араздықты немесе алауыздықты қоздыруға, нәсiлдiк қатыстылығы белгiлерi бойынша олардың айрықшалығын, артықшылығын немесе кемдiгiн насихаттауға бағытталған қасақана iс-әрекеттер ҚР Қылмыстық кодексінің 164-бабымен қарастырылған қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.

Бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы заңнаманы бұзу Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексінің 373-бабымен әкімшілік жауапкершілікке, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 334-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке де әкеп соқтыруы мүмкін.

Осы айтылған мәселелерді ескере келе, Бас прокуратура бұқаралық ақпарат құралдарын шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер мен жалалы сөздерді тарату үшін пайдалануды қоса алғанда ұлтаралық татулық пен мемлекетаралық қатынастарға нұқсан келтіруі мүмкін кез-келген әрекеттерге жол берілмейтіндігіне қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялар өкілдерінің және өзге де мүдделі тұлғалардың ерекше назарын аударады.

Жоғарыда аталған нормаларды бұзған тұлғалар заң қаталдығы сақтала отырып жеке жауапкершілікке тартылатын болады.