Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығы жəне қаржы нарығын дамыту жөніндегі кеңес құрылды - ҚР Ұлттық банкі

АСТАНА. Шілденің 1-і. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылғы маусымның 12-сінде «Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығы жəне қаржы нарығын дамыту жөніндегі кеңес туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің № 994 Жарлығына қол қойылды. Жарлықтың мəтінімен Ұлттық Банк сайтының «Қаржы тұрақтылығы» бөлімінде танысуға болады.
None
None

Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығы жəне қаржы нарығын дамыту жөніндегі кеңес Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылды, оның негізгі мақсаты Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету жəне қаржы секторын тиімді дамыту мəселелері бойынша ведомствоаралық үйлестіру болып табылады. Кеңес функцияларының құрамына:

1) реттеуші мониторинг деректерінің негізінде қаржылық тұрақтылық үшін жүйелік тəуекелдер бойынша ұсыныстарды тұжырымдау;

2) Қазақстан Республикасының қаржы жүйесін дамыту саласында мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын əзірлеу жəне іске асыру жөніндегі тəсілдерді тұжырымдау;

3) жүйелік тəуекелдерді барынша азайту жəне қаржылық тұрақтылыққа қатердің алдын алу мақсатында қаржы секторын реттеудің стратегиясы мен қағидаттарын қалыптастыру бойынша ұсыныстарды тұжырымдау;

4) қаржылық тұрақтылыққа қолдау көрсетуге бағытталған реттеуші жəне ынталандырушы шараларды қолдану жөніндегі ұсынымдарды дайындау кіреді.

Кеңес төрағасы - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төрағасы - Григорий Марченко;

Кеңестің құрамына: Данияр Ақышев - Ұлттық Банк төрағасының орынбасары; Елена Бахмутова - Қаржы нарығын жəне қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің төрайымы; Мəжит Есенбаев - Бəсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы; Болат Жəмішев - Қазақстан Республикасы Қаржы министрі; Бақыт Сұлтанов - Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі; Серік Аханов - «Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы; кіреді.

Кеңестің жұмыс органы Ұлттық Банк болып табылады.

Кеңестің бірінші отырысы ағымдағы жылғы маусымның 30-ында өткізілді.

Мынадай мəселелер қаралды:

- Халықаралық практикада қабылданған реттеу қағидаттарын ескере отырып, қаржы институттарын капиталдандыруды кезең-кезеңмен арттыру туралы;

- «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне банк қызметін жəне қаржы ұйымдарын реттеу мəселелері бойынша тəуекелдерді азайту бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жобасының бірқатар тұжырымдамалық жағдайлары туралы;

- Қаржы жүйесінің тұрақтылығы тұрғысынан алғанда ақшаны жылыстату мен лаңкестікті қаржыландыруға қарсы іс-əрекет жүйесі жұмысының кейбір аспектілері туралы.

Сондай-ақ Кеңестің келесі отырысын ағымдағы жылғы шіленің 16-сында өткізу туралы шешім қабылданды. Бұл отырыста екінші деңгейдегі банктердің қатысуымен қаржы секторының тəуекелдерін барынша азайту жөнінде келісілген ұстанымды əзірлеу жəне заңнамалық бастамалар туралы мəселе қаралады деп болжануда.

Соңғы жаңалықтар