Қазақстан сәуірдің 15-нен кешікпей Орталық Азияның біріктірілген энерго жүйесімен қатарласа жұмыс істеу режіміне оралады

АСТАНА. Ақпанның 27-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстан 2009 жылғы сәуірдің 15-нен кешікпей Орталық Азияның біріктірілген энерго жүйесімен қатарласа жұмыс істейтін режімге оралады.
None
None
Бұл туралы бүгін Астанадағы баспасөз мәслихатында «КЕГОК» АҚ вице-президенті Валерий Ли мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Егер қандай да бір мерзім жайында айтатын болсақ, менің ойымша Қазақстан Орталық Азияның біріктірілген энерго жүйесімен қатарласа жұмыс істейтін режімге сәуірдің 15-нен кешікпей өтетін болады. Егер жағдай тіпті ерте реттелетін болса, біз қатарласқан жұмысқа одан бұрын көшеміз», - деді В. Ли. Айта кетейік, осыдан біраз бұрын Қазақстан отандық тұтынушыларды электр қуатымен қамтамасыз етудің сенімділігін және еліміздің ұлттық электрлік желісі жұмысының орнықтылығын қамтамасыз ету үшін Орталық Азия елдерінен бөлек жұмыс режіміне көшкен болатын. В. Лидің сөзіне қарағанда, Қазақстанның Орталық Азияның біріктірілген энерго жүйесінен шығу туралы шешімі мәжбүрлі шара болған. Өйткені шешім қабылданған тұста Тәжікстандағы су мөлшерінің аздығынан электр энергиясын өндіру азайып кетіп, нәтижесінде Орталық Азия елдерінде электр қуатын өндіруде және тұтынуда ауытқу байқалған. «Негізгі кінә Тәжікстанның мойынында жатыр. Олардағы электр энергиясын өндіру су қоймаларындағы судың деңгейіне байланысты. Қазір тәжіктерде судың тапшылығы байқалып олар электр энергиясын бізден алуда», - деді ол. Биылғы ақпанның басынан бері Тәжікстан Қазақстаннан 100 млн. кВт/сағ. электр қуатын алған. Бұл өз кезегінде еліміздің оңтүстігіндегі электр энергиясының тапшылығына әкеліп соқты. Жұмыс реттелгеннен кейін ғана оңтүстіктегі жағдай тұрақталған. В. Ли Тәжікстанның Қазақстаннан алған электр энергиясы биыл мамыр-маусым айларында олардағы судың деңгейі қалпына келген кезде өтелетінін айтты. «Егер біз бірігіп жұмыс істейтін режімде қала берген болсақ, мұндай жағдай еліміздің оңтүстігіндегі тұтынушыларды электр қуатынсыз қалдыратын еді. Бұл жағдай онсыз да бірнеше мәрте қайталанды»,- деді «КЕГОК» АҚ вице-президенті.
Соңғы жаңалықтар