Қазақстан семсерлесуден өткен өз алаңындағы әлем кубогын бір медальмен аяқтады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның семсерлесу бойынша шпагашылар құрамасы Астанада өткен әлем кубогындағы өнерін қорытындылады.

Қазақстан семсерлесуден өткен өз алаңындағы әлем кубогын бір медальмен аяқтады
Фото: ҰОК

Бағдарламаның соңғы түрі ретінде ерлер арасындағы командалық жарыстар өтті.

Қазақстандықтар үшінші орын үшін матчқа дейін жетті. Эльмир Алимжанов, Никита Жулинский, Вадим Шарлаимов және Александр Федотов қола медаль үшін Жапониямен сынға түсті.

Тартысты өткен кездесуде Жапония құрамасы екі ұпай айырмасымен жеңіске жетті – 44:42. Қазақстан құрамасы 4-орын алды.

Осылайша, турнир қорытындысы бойынша Қазақстан бір медальмен шектелді. Бір күн бұрын Руслан Курбанов жекелей сында күміс жүлдеге ие болған еді.

Бұған дейін семсерлесуден Қазақстан ерлер командасы әлем кубогының жартылай финалына шыққанын жазған едік.