Қазақстан семсерлесуден Швейцариядағы Әлем кубогы кезеңінде бесінші орын алды

АСТАНА. KAZINFORM — Берн қаласында (Швейцария) семсерлесуден ерлер арасында Әлем кубогының кезеңі аяқталды, деп хабарлайды ҰОК баспасөз қызметі.

Қазақстан семсерлесуден Швейцариядағы Әлем кубогы кезеңінде бесінші орын алды
Фото: ҰОК

Командалық жарыста Қазақстан құрамасы ширек финалға дейін жетті. Турнир барысында қазақстандық шпагашылар Бразилия құрамасын 44:22 есебімен, ал АҚШ командасын 45:39 есебімен жеңді. Алайда ширек финалда Швейцарияға 36:38 есебімен жол берді.

5-8 орындар үшін өткен кездесулерде Қазақстан құрамасы Мысырды 41:26, Гонконгті 36:35 есебімен жеңіп, жарысты бесінші орынмен аяқтады.

Әлем кубогы кезеңінде ел намысын Ерлік Сертай, Вадим Шарлаимов, Никита Жулинский және Кирилл Проходов қорғады.

Бұдан бұрын қазақстандық 11 семсерлесуші Берндегі әлем кубогында бақ сынайтынын жазғанбыз.